Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамин: 1 мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер бөлу басталады

Мамин: 1 мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер бөлу басталады

Еліміздегі көпбалалы отбасыларға пәтер беру 1 мамырдан басталады. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мәлімдеді. 

«Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары халықтың жағдайын жақсарту жөніндегі Елбасының әлеуметтік саясатының негізі болып табылады. Осы ретте бұл бағдарламаларды одан әрі іске асыру үшін мына мәселелерге назар аудару қажет. Біріншіден, тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту. Биыл 13,1 млн шаршы метр пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Әкімдіктер мен тиісті мемлекеттік органдар жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды салу, сонымен қатар, инвестициялық тұрғын үй жобаларын сүйемелдеу бойынша жұмыс қарқынын арттыру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті белсенді қолдану керек. Бұл тапсырма тек үш өңірде орындалған: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары», - деді Үкімет басшысы. 

Асқар Мамин қалған өңірлерде бұл бағыттағы жұмыс енді басталып жатқанын және бұл ретте аталған жұмыстың қарқынын өсіру қажеттілігін айтты. 

«Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет. Елбасының әлеуметтік-қамқорлық шараларын іске асыру аясында бес жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Елбасының әлеуметтік бастамасына сәйкес, мұқтаж отбасыларға тұрғын үй несиелерін Тұрғын үй жинақ банкінің жүйесі арқылы екі жылдың ішінде 22,5 мың отбасы жеңілдікті несие алады», - деді Премьер-министр. 

Асқар Мамин Елбасы үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндетін алға қойғанын еске салды. 

 «Құрылыстағы отандық үлесті 90%-ға дейін ұлғайту керек. Отандық құрылыс материалдарын шығару «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арнайы бағыты болып табылады және оның орындалуына 600 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл үшін жеңілдікті қаржыландыру мен мемлекеттік шаралар көзделген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек. Жергілікті өнімді пайдалану экономиканың басқа салаларына әсер етеді және жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Мысалы, Түркістан қаласында үлкен құрылыс жүріп жатыр. Осы жерде құрылыс материалдарын шығару бойынша жобаларды жүзеге асыру қажет», - деген ол жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
baq.kz

19 наурыз 2019 ж. 800 0