Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТЕТІГІ

БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТЕТІГІ


Басыңда баспана болмаса, тапқан-таянған табыстың ырысы болмайтыны белгілі. Өйткені, үйі болмағанның күйі де болмайды. Ал үйі жоқ адамның көңілінде алтын сарай жүреді. Алтын сарай болмағанның өзінде жанұяға жайлы бір баспанаға қол жеткізу – әркімнің ой-арманы.
Бүгінгі таңда елімізде баспана мәселесін шешудің тиімді тұстары қа­рас­тырылған. Соңғы жылдары мем­лекеттік бағдарламалар негізінде қазақ­стандық­тар үйлі болуда. Қолжетімді баспана жобалары жүзеге асырылып, әлеуметтік маңызы бар мәселе оңтайлы шешімін табуда. Соның бір айғағы, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «7-20-25» бағдарламасы.
Елбасы аталмыш бағдарламаны іске қосуды «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде ұсынды. Онда Ел Президенті жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы қажеттігін атады. Бұл ел тұрғындарына тиімді болмақ.
– Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылы­сына зор серпін бере­ді. Нәтижесінде, миллиондаған қазақ­стандық үшін баспана алудың қолже­тімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта биз­нес­тің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады, – деді Мемлекет басшысы.
Өткен жылдың шілдесінен іске қосылған бағдарлама негізінде еліміздегі тұрақты жұмысы немесе кәсібі бар адамдар үй ала алады. Елбасы атап айтқандай, несие өсімі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын мөршерлемемен беріледі. Бастапқы жарна 20 проценттен аспайды. Ай сайынғы төлем қалтаға қолайлы болу үшін мерзімі 25 жылға дейін болады. Бұл жерде үй алатын адамның атына тіркелген бас­панасы болмауы шарт. Және де несие тарихы «таза» болғаны абзал. Бір айта кетерлігі, бағдарлама бойынша қазақстандық жаңадан салынған үйлерден пәтер алады. Екінші нарықтағы үйлерге бағдарламамен несие берілмейді. Сонымен қатар, құрылысы толық аяқталмаған және құжаты дайын емес үйлердегі пәтерлерге ипотека берілмейді.
Жалпы, бағдарламаның жүзеге асуына ҚР Ұлттық банкі жауапты. Жаңа тұр­ғын үй бағдарламасының операторы ретінде «Баспана» АҚ құрылып, тұрғын­дардың баспаналы болуымен тікелей жұмыс атқарып келеді. Бұл бойынша Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында тұратын азаматтар 25 млн. теңгеден аспайтын, ал қалған қалалардағы халық 15 млн. теңгеден аспайтын баспана алады.
Қазақстандықтарға, оның ішінде жас отбасыларға қуаныш сыйлаған бағ­дар­лама аймақта да іске асып жатыр. Бүгінде сол жақ жағалауда бой көтеріп келе жатқан жаңа қаладағы зәулім ғимараттар бағдарлама негізінде беріледі. Оған өтініштерді қабылдау өткен жылдың тамызынан бастау алды. Облыс жұртшылығы тиімді бағдарламаның игілігін көруге асық.
Қазіргі таңда нарыққа байланысты баспананың бағасы қымбаттап тұр. Екінші деңгейлі банктердің де баспана алуға несиесінің жылдық мөлшері көп. Бұл халықтың қалтасына әсер ететіні анық. Ал «7-20-25» бағдарламасы қолжетімді баспана алуға орайлатырылған. Айтпақшы, ипотеканы ұзақ мер­зімге алғанымен қалта көтеріп жатса, ерте төлеп тастауға болады. Оған айыппұл салынбайды.

Е.БЕРКІНБАЕВ

28 ақпан 2019 ж. 739 0