Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КАРШЕРИНГ ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ЖЕТТІ

КАРШЕРИНГ ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ЖЕТТІ


Дамыған мемлекеттерде каршеринг деген бар. Бір сөзбен айтқанда, автокөлікті жалға алу қызметі. Қазақстанға жеткеніне көп бола қойған жоқ. Шарты оп-оңай. Кез келген адам ұялы телефонына арнайы бағдарламаны жүктейді. Жеке басын растайтын ақпаратты толтырып, банк карточкасын тіркейді. Содан кейін әлгі бағдарлама арқылы жақын маңдағы көліктің тұрған орнын анықтап, бір айналып келуге болады. Ақысы минут бойынша қойылып, темір тұлпарды пайдаланған уақытпен есеп айырысасыз. Жол-көлік оқиғасы бола қалған жағдайда қарастырылатын сақтандыру полисі, одан бөлек, жанармай, автотұрақ, көлік жуу мен жөндеу шығыны сіз төлеген ақшаның ішінде. 
Елімізде көлікті минуттық брондау жүйесін қолданысқа енгізіп, жүзеге асырғандар санаулы ғана. Солардың бірі – қармақшылық Нұрсұлтан Пірімбетов. Нұрсұлтан – Ақай елді мекеніндегі №99 орта мектептің түлегі. Одан кейін Байқоңыр қаласындағы радиоэлектротехникалық техникумды, Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірді. Автокөлікті жалға беру жүйесін жерлесіміз Ресейде оқып жүргенде бастапты. Елге оралған соң ол ісін жетілдіре түсті. Аталған жүйе әзірге Алматыда ғана бар. Әне-міне дегенше Астанаға, біртіндеп басқа қалаларға да жетеді.
– Көліктер электронды жүйемен жабдықталған. Оны тізгіндеу үшін иесімен бетпе-бет жолығып, келісудің қажеті жоқ. Бәрі бір ғана мобильді жүйенің көмегімен орындалады. Үлкен қалаларда көліктер көбіне аулада немесе кеңсе алдында пайдаланылмай бос тұрады. Каршеринг оның тоқтамай жүруіне, ақша айналдыруға мүмкіндік береді. Ал екінші тарап қалаған жеріне барып, шаруасын бітіре алады, – дейді Нұрсұлтан.
Бұл дүние бізге таңсық болғанымен, шығу төркіні әріде жатыр. Автокөлікті жалға берудің дәстүрлі әдісі ХХ ғасырдың басында пайда болды. 1912 жылы Мартин Сикст Еуропадағы алғашқы компанияны құрды. Ол айналдырған үш көлікпен жұмысын Германияда бастады. Атауы ауысқанмен, компания әлі күнге жұмыс істеп тұр. Бүгінде каршеринг Солтүстік Америка, Еуропа мемлекеттері мен Жапония, Корея, Үндістан, Австралияда кеңінен қолданылады.
Біздің елде пайдаланыла бастағаны енді ғана. Қаладағы кептелісті азайту мақсатында Нұрсұлтан ұсынған көлікті жалға алуға арналған мобильді қосымша елеусіз қалған жоқ. Жуырда жерлесіміз «Nurintech» республикалық инновациялық жобалар байқауының «Әлеуметтік инновациялық жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты еншіледі.
Жүлде қоры 5 миллион теңге болатын байқауға қатысу үшін мыңнан астам өтініш түскен. Оның 30 шақтысы шешуші сынға жолдама алды. Комиссия мүшелерінің назарына негізінен экология, робот техникасы, баламалы қуат көздері, IT, медицина, фармацевтика, жол қозғалысының қауіпсіздігі салаларындағы жобалар ілікті.
Нұрсұлтан мұндай шаралар өзі секілді талантты жастардың талабын ұштап, шығармашылығын жетілдіруге көмектесетінін айтады. Оның ендігі ойы – Ресейде жинаған білімін қазақ елінің игілігіне жаратып, IT саласын дамытуға шама-шарқынша үлес қосу.
Назерке САНИЯЗОВА.
20 қаңтар 2019 ж. 719 0