Ақтөбеге биыл 24 мыңнан астам өзбекстандық келген
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысына шетелден келушілер саны жыл санап артып келеді. Дені – өзбек азаматтары. Мамандардың сөзінше, заң бұзатындар да осылар. Бұл туралы бүгін Ақтөбе өңірлік коммуникациялар орталығында айтылды.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 36 мыңнан көп шетелдік уақытша тіркелген. Алыс шетелден келгендер саны 2 500-ге жетеді. Ал, ТМД елдерінен келгендер арасында Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр. Соңғы 9 айда аймаққа 25 мыңға жуық өзбекстандық келген. Ресейліктер екінші орында. Олардың саны – 5 953. Одан өзге, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Қытай, Тұркия, Үндістан азаматтары да уақытша тіркелген.
«Ақтөбе облысында 79 352 азамат тіркеуде тұр. 66 825-і тұрақты, 12 мыңнан астамы уақытша тіркелгендер. 6 995 шетелдік тұрақты түрде тұрып жатыр. Биыл Ақтөбеге Қытайдан 2 080 адам келді. 84 үндіс бар. 24 955 өзбекстандық уақытша тіркелді. Заң бұзатындар да көп. Олардың қатарында Өзбекстан, Ресей азаматтары бар. Көбінесе уақытша тіркеуге отыру, ҚР еңбек рұқсатын беру заңнамалары бұзылады»,-деді Ақтөбе облысы ІІД Көші-қон қызметі басқармасының азаматтық және иммиграциялық бөлімшесінің бастығы Дәуренбек Ізтілеуов.Жыл басынан бері 1775 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ел аумағынан 476 азамат шығарылыпты. Жауапкершілікке тартылғандар арасында ақтөбеліктер де бар. 102 жұмыс беруші заңсыз шетелдіктерді еңбекке тартқан. Биыл өңірде тұрақты мекендеу рұқсат 400-ден астам шетел азаматына берілген. 300-ден астам адам ҚР азаматтығына ие болды. Елге келушілер қатарында шетелдегі қандастарымыз бар.
«Биыл 262 қандасымыз келді. Былтырғымен салыстырғанда аз. Олар 90 күн ішінде ҚР азаматтығын ала алады. Көбінесе Өзбекстан мен Ресейден келіп жатқандар көп. Дегенмен, елге келіп, кейін келген жақтарына қайта кететіндері бар. Түрлі себептермен кетіп жатады. Көбінесе отбасы жағдайына байланысты», деді Дәуренбек Ізтілеуов.Жуырда облыс орталығында «Көші-қон қызметі орталығы» ашылды. Мұнда 200-ден астам мемлекеттік қызметтің 10 түрінен қызмет көрсетіледі.
Әсел АБАТ