АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Сыр өңірінде «Экомед-Сырдария» клиникасының ашылуы аймақ жұртын ерекше қуантқан жаңалық болды. Себебі, репродуктивті ем алу үшін көпшілік бүгінгі күнге дейін Астана, Алматы қаласына баруға тура келетін. Емделу мен жол шығыны қалтаға біраз салмақ болатынын ескерсек, клиниканың өңірімізден ашылуы емделушілердің артық шығынын азайтты.
Клиниканың ашылуына орай ұйымдастырылған шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның әйел мен бала денсаулығын қорғау бойынша жұмыс тобының басшысы, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханаларының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова және Экомед-Шымкент клиникасының жетекші дәрігер-репродуктологы Аслан Әбішев қатысты. Мәртебелі меймандар шара аясында жергілікті дәрігерлермен, тұрғындармен кездесті.
«Бедеулікті емдеудің және анықтаудың заманауи әдістері» және «Репродуктивті медицинадағы жаңа қөзқарас» тақырыбында өткен кездесуде белгілі мамандар осы тақырыпта пайдалы ақпараттармен бөлісті.
– Денсаулық саласындағы өзекті мәселе – аймақтарда бедеулікті емдейтін репродуктолог маманның жетіспейтіндігі. Осыған байланысты тиісті мамандармен ел аралап жүрміз. «Экомед-Сырдария» клиникасына біз білікті дәрігерлерді жіберіп отырмыз. Өңірде мұндай клиниканың ашылуы тұрғындардың өз аймағында емделуіне мүмкіндік жасайды,– дейді Салтанат Байқошқарова.
Сондай-ақ, мамандар тарапынан халықтың өз саулығына салғырт қарайтындығы да өзекті мәселе ретінде айтылды. Кездесуге келгендер білікті мамандарға көкейдегі сауалдарын қойып, қажетті кеңес алды.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА