БЕДЕУЛІКТІҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫНА ЖІГІТТЕР КІНӘЛІ
Алматыда «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. КРТ: Бүгіні мен болашағы» атты X халықаралық конгресс өтті.
Шараға Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Испания, Италия, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Украина, Тәжікстаннан келген репродуктивті технологиялар саласының жетекші мамандары – акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтар, бедеулікті емдеумен айналыстан эндокринологтар, генетиктер мен молекулярлы биологтар қатысты.
Жиын барысында әлемде алғаш рет адам эмбрионы генінің редукциясын орындаған, 2017 жылы әлемдегі ең танымал ғалымдардың қатарына кірген дүние жүзіне әйгілі ғалым Шухрат Миталипов (АҚШ), италияндық профессор Лука Женероли, КСРО-дағы алғашқы «Түтіктегі бала» (ЭКО) авторы, профессор Е.Калинина, Ресейдің адам репродукциясы қауымдастығының президенті, профессор В.Корсак пен Украинаның репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті, профессор О.Юзько, Беларусьтен О.Тишкевич, Армениядан Эдуард Амбарцумян, Франциядан Жак де Музон сияқты танымал шетелдік профессорлар, Қазақстанның ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарының жетекшілері, ҚР ҰҒА мүшелері, еліміздің белгілі ғалымдары, ЭКҰ клиникаларының жетекшілері, сонымен бірге, Қазақстанның танымал репродуктологтары, эмбриологтары, генетиктері, андрологтары мен денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары қатысты.
Соның ішінде ҚРМҚ президенті, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, профессор В.Локшин, Репродуктивтік медицина институтының директоры Т.Жүсіпәлиева, ЭКОМЕД клиникасының ғылыми жетекшісі, ҚРМҚ вице-президенті С.Байқошқарова, PERSONA РХКО бас дәрігері Р.Уәлиев, танымал қазақстандық репродуктолог Ш.Кәрібаева және әлемдік репродуктологияның көптеген өзге де көшбасшылары өз ойларын ортаға салды.
Конференция тақырыбының өзектілігі бала сүйе алмау салдарының маңызды медициналық-әлеуметтік мәселе болып қалуы, ал оны шешу елдегі демографиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, түрлі себептерге байланысты сәбисіз жүрген отбасылардың өмір сүру сапасын жоғарылатуға септігін тигізе алуында жатыр. Бедеулік жиілігі орташа алғанда 15 пайызға жетіп, одан төмен түсіп жатқан жоқ. Заманауи диагностика тәсілдерінің дамуы бедеуліктің негізгі себептерін анықтауға және оны емдеудің әдісін анықтауға мүмкіндік береді. Тіркелген бедеуліктің 50 пайызы ер адамдардың репродуктивтік жүйесінің патологиясымен байланысты, яғни жігіттердің жартысы әйеліне бала көтерте алмайды, 30 пайызы аралас бедеулік. Соңғы жылдарда әлемде бедеуліктің түрлі формаларын емдеудің орасан зор тәжірибесі жиналды. Қазіргі әдістердің көбі Қазақстанда да енгізілген.
Елімізде алғашқы ЭКҰ зертханасының ашылғанына 23 жыл ішінде әйелдер мен ерлердің бедеулігін емдеудің ең жаңа репродуктивтік технологиялары меңгерілді. Бедеулік мәселесі бар отбасыларында 16 100 бала дүниеге келді. Емделушілер мемлекеттік және жеке орталықтарда өз таңдауы бойынша ем қабылдай алады.КРТ орталықтарының клиникалар және ортақ практика дәрігерлерімен, уролог-андрологтармен, генетиктермен өзара қарым-қатынасы бедеулікке шалдыққан жұптарды ерте диагностикалау мен оңтайлы емдеу бойынша кешенді жұмысты ұйымдастыруда шешуші мәнге ие. ТМККК шеңберінде әлеуметтік әділдік және тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын қолдауды есепке ала отырып бағдарламаларды бөлу мәселесіне айрықша назар аударылды.
Бюджеттік бағдарламалардың көмегімен ғана 2010-2017 жылдары Қазақстанда 1800-ден астам бала дүниеге келді. Елімізде КРТ дамыту мәселелеріне арналған конференция аясында Үндістан, Израиль, Швеция, Германия, Ресей, Украина және Қазақстан мамандарының қатысуымен КРТ-дағы эмбриологияның өзекті мәселелері бойынша шеберлік кластары өтеді. Бедеуліктің дамуына әкелетін аурулардың алдын алу сұрақтарына, бедеу некені ерте диагностикалау мен емдеудегі АМСК рөліне басты назар бөлінеді.
Конференция шеңберінде «Репродуктивтік медицина» журналының кезекті саны таныстырылды. Репродуктивтік медицинаға арналған ірі көрме ұйымдастырылып, оған дәрілік заттар мен медициналық техниканың 40-тан астам өндірушісі, сонымен бірге ҚР танымал КРТ клиникалары қатысты. Шара ұйымдастырушысы – Қазақстанның репродуктивтік медицина қауымдастығы. ҚРМҚ – Еуропалық адам репродукциясы консорциумының қауымдастырылған мүшесі. Қолдау көрсеткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Әмірлан МӘУЛЕН
aikyn.kz