Жайлы өмір сүргіңіз келсе..
Психолог – өмірдің әр түрлі қиындықтарына (оқуда, отбасында, қарым-қатынаста, өмірлік жол таңдауда, өзін-өзі дамытуда туындаған мәселелер, жанжалдық жағдайларға тап болған дені сау адамдарға кеңес беруші маман. Психолог – дәрігер емес, денсаулығы туралы қандай да бір мәлімет бермейді, әрі ол емдемейді. Біздің күнделікті өміріміз күйзеліске толы. Жұмыс, жолдағы кептеліс, әріптестермен қарым-қатынастың нашарлауы деген сияқты білінбейтін мазасыздықты күнделікті бастан өткереміз. Сондықтан осы мазасыздықтарды болдырмау үшін спортпен шұғылданыңыз. Медитация жасаңыз. Яғни бес минут көлемінде ештеңе ойламай, миыңызды тыныштандырыңыз. Көңіліңізді басатын жақсы әуен тыңдаңыз және кешкі таза ауада серуендеңіз. Әр нәрсеге жақсы көңіл күймен қараңыз, үнемі жақсы ойлар ойлаңыз деп кеңес береді психолог мамандар.
Бүгінде ауданда «Жас проджект» жобасы аясында көптеген жастар қолдау табуда. Соның бірі де, бірегейі «FitMAMA» ана мен бала фитнес орталығы. «Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар қазақта. Ана мен бала денсаулығына аса мән беріп, олардың фитнеспен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасап отырған жоба көшбасшысы Динара Баджанованың ұйымдастыруымен бұрнағы күні орталыққа арнайы психолог және косметолог маман Алтынай Елмұратова келіп, семинар-тренинг өткізді.
Семинарда маман қыз-келіншектерге психологиялық кеңес беріп қана қоймай, өзін-өзі дамытуы, бақытты болу құпияларын үйретіп, сонымен қатар күйзелістен, тығырықтан шығу жолдарын көрсетті. – Отбасындағы мәселелерді шешу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Кейде айтылған бір ауыз жылы сөздің өзі ұрыс-керістің алдын алады. Бойыңыздағы күш-қуатыңызды бос әңгімелерге жұмсамаңыз, оданда қызықты кітап оқыңыз, болмаса үйдің шаруасымен айналысып, пайдалы іс жасаңыз. Көре алмаушылық, іштарлық қасиеттен аулақ болыңыз, сонда жайлы өмір сүресіз, – деді психолог А.Елмұратова.
Семинар әсерлі өтіп, қыз-келіншектер ашық-жарқын сөйлесіп, пікір алмасты. Шара қорытындысында қатысушыларға сертификат пен сыйлық табысталды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ