МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛДЫ
Бұрнағы күні ауданға қарасты Шаған ауылында «Шаған» БПҰ-дағы аграрлық сала қызметкерлерімен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Астана – елдің тірегі» тақырыбында кездесу өткізілді.
«Нұр Отан» партиясының «Шаған» бастауыш партия ұйымындағы аграрлық сектор қызметкерлерімен кездесу барысында ауыл әкімі, «Шаған» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғабит Ошақбаев пен партияның аудандық филиал кеңесшісі Берік Ахметов сөз сөйледі.
Атап айтар болсақ, биылғы жыл еліміз және Сыр халқы үшін елеулі күндерге толы болды. Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы және Сырдария ауданының 90 жылдығы бір-бірімен сабақтасып жатқаны мәлім. 20 жыл бойы Еуразия құрлығындағы ең жас астана елеулі өзгерістерге ұшырап, ұлы дала елінің маржаны іспеттес болды. Сонымен қатар аймағымыз барлық жағынан қарыштап, өркендеп, даму үстінде, – деді ауыл әкімі. Бұдан кейін партия кеңесшісі Б.Ахметов «Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын және аграрлық сектор ел экономикасының драйвері екендігін», - атап өтті. Кездесу соңында Б.Ахметов ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне «Алғыс хаттар» табыс етті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ