Кірпігіңіз өзіңіздікі ме?
Мөлдіреген көздер, тұп-тұнық көзқарас, найзадай кірпіктер, т.т., міне бір ғана қыз жанарының өзіне қаншама теңеу айтылады. Əсіресе көбелектің қанатындай қаққаны білінбес кірпіктер əйелдің басты қаруы емес пе?! Алайда ұзын əрі қалың кірпіктерге əйелдің бəрі ие деп айта алмаймыз. Шешімі оның баяғыда-ақ табылған. Кірпік жалғаудың зиян тұстары бар ма, болашақ аналар кірпік жалғар болса нені білгені жөн, Anabol.kz сайтынан осы жайында толық оқи аласыз.
Қазір кірпіктерді арнайы шараға ғана емес күнделікті өмірде жалғап жүру ешкімге таңсық емес. Тіпті ол əрбір қыздың күн сайын бет əрлегеніндей өзіне жасанды кірпіктерді жапсырып алуы əдеттегі іске айналды. Сөйтсе де арнайы маманның көмегіне жүгініп кірпік жалғаудың сіздің көзіңізге зияны жоқтығына, оның дұрыс жалғануына мəн бергеніңіз жөн. Сонымен кірпік жалғау жайында біз не білеміз?
Кірпіктерді түптеп, талдап жалғау, 3D кірпіктер, жасалған материалына қарай табиғи талшықтан, құндыз кірпіктер, т.б. сияқты түрлері көп. Түптеп жəне талдап жалғау қолының ебі бар əрбір қыз-келіншектің үйде жасай алатын қарапайым түрлері. 3D кірпіктер көздің сыртқы қиығынан ішке қарай үш қатар етіп аса жіңішке кірпіктерді тізбелеу түрі болып саналады. Бұл əдіс арқылы көзіңізді үлкейтіп, тіпті көздің түсін өзгертерліктей əсерге қол жеткізе аласыз. Ал кірпіктердің жасалған материалы жайына келер болсақ табиғи деген құндыз кірпіктердің өзі жоғары технологиялық деңгейде табиғиға қатты жақын. Таза табиғи талшықтар қолданылмайды. Себебі ол аллергия тудыруы мүмкін.
Енді кірпік жалғауға асқан жауакершілікпен қарау керек деген тұсқа тоқтала кетейік. Кірпіктерді конъюктивитке жиі ұшырайтын, кез келген сыртқы əсерге аса сезімтал көзге, қабағы тым майланғыш келетін адамдарға жалғауға болмайды. Жүктілік кезінде келіншектер үшін мəн берер нюанстар бар. Бұл жерде əрине əр адамның организміне қарай шешім қабылдануы керек. Кірпік жалғаудың іштегі балаға тікелей əсері жоқ. Бірақ ол кірпіктерді алдыру кезінде қолданылатын арнайы лосьон немесе басқа құралдарға көңіл бөлу қажет. Өйткені өткір иіс аллергияны қоздыруы мүмкін. Кірпік жалғағанда жəне алып тастар кезде бөлменің желдетілуін қадағалаңыз.
Қазіргі уақытта үйде отырып кірпік жалғауды кəсіпке айналдырғандар көп. Олар пайдаланатын желім, кірпік, пинцет сияқты құралдарға көз жанарыңызды сеніп тапсыра беруге болмайды. Уақытша ғана сұлулық үшін жасанды үш кірпік жапсырам деп өзіңіздің өмір бойғы тұрар бір кірпігіңізден айырылып қалмаңыз.
Дайындаған Ақгүл Қайырбайқызы,
http://anabol.kz/
http://anabol.kz/