Қызылордада автоматтандырылған күріш өңдеу зауыты іске қосылды
«Абзал и К» серіктестігінің толық автоматтандырылған күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Бұл – өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы ірі жобалардың бірі. Заманауи кәсіпорынға 1 млрд теңге қаржы салынған, өндірістік қуаты 2,5 есе артып, қалдық көлемі 3-4 пайызға дейін азайды. Зауыт сағатына 12 тонна күріш өңдеуге қауқарлы.Компания Сырдария ауданында 3 мың гектарға жуық күріш егіп, өндірілген өнімді өз кәсіпорнында өңдеп, ақталған күріш және дайын өнім түрінде нарыққа шығарады.
Өндірістік процесс толық цифрландырылып, барлық технологиялық кезең автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Өнім сапасы онлайн режимде бақыланады. Сонымен қатар күн-электр станциясы іске қосылып, экологиялық жағынан тиімді «жасыл» технология енгізілген.
Бүгінде кәсіпорын өнімінің 50 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, қалған 50 пайызы ТМД елдерімен қатар, Моңғолия мен Иракқа экспортталады. Бұл күрішті терең өңдеуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы биыл Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектарға егілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, биыл 70,1 мың гектар болды. Қазір егістіктің 2,9 мың гектары гүлдену, 14,3 мың гектары сүтті пісу, ал 52,8 мың гектары балауыз пісу кезеңіне өтті, 65,2 мың гектардың немесе 93 пайызының суы байланды.
Аймақта күріш жинау жұмыстары қарқын алды.Қызылорда республикадағы күріш өндірісінің негізгі орталығы саналады. Еліміздегі күріштің шамамен 90 пайызы осында өндіріліп, 35-40 пайызы экспортқа бағытталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










