18 жасқа толған 18 түлек алғаш рет дауыс берді
Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте орналасқан №353 сайлау учаскесінде ерекше сәт болды.Аталған сайлау учаскесіне аталған мектепті бірге тәмамдаған 18 жас түлек алғаш рет дауыс беруге келді.
Бүгінде олардың барлығы еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарында білім алып, студент атанған. Осы күні олар сайлаушы ретінде алғаш рет өз таңдауын жасап, азаматтық құқықтарын жүзеге асырды.
Жас сайлаушылар бюллетень алып, заңнамада белгіленген тәртіппен дауыс берді. Олар үшін бұл күн азаматтық белсенділіктің алғашқы қадамы әрі елдің қоғамдық-саяси өміріне араласудың маңызды кезеңі болды.
Жастардың айтуынша, алғашқы дауыс беру – жай ғана сайлау рәсімі емес, сонымен қатар өз таңдауына жауапкершілікпен қараудың және ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдірудің маңызды мүмкіндігі.
Бұл бастама жас буынның сайлау процесіне белсенді қатысуының, азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.










