95 жастағы қария Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады
Жалағаш ауданындағы №131 сайлау учаскесінде 95 жастағы қария Мыңбай Байтынов Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасап, елдік іске белсенділік танытты.Ғасыр ғұмырға жуық ғұмыр кешіп, талай тарихи кезеңнің куәсі болған ақсақалдың маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық ұстанымын білдіруі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Қарияның сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы ел тағдырына, туған жердің келешегіне бейжай қарамайтынын аңғартады.
«Құрылтай сайлауы елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға, халықтың үні мен ұсынысын жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық алаң. Сондықтан оған қатысу азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін танытатын маңызды қадам. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Келешек ұрпақтың бағы ашылып, мемлекетіміздің іргесі берік болсын. Ел үшін жасалған әрбір игі бастама халықтың игілігіне қызмет етсін», – деп ақ батасын берген қария ел-жұртқа амандық пен береке тіледі.
Қарияның таңдауы аға буынның ел ертеңіне деген сенімінің белгісі. Ал оның ақ батасы кейінгі ұрпаққа жол сілтейтін рухани аманат.











