Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Qalqan: МӘМС жүйесіндегі ашықтық пен бақылаудың жаңа мүмкіндігі

Qalqan: МӘМС жүйесіндегі ашықтық пен бақылаудың жаңа мүмкіндігі

Міндетті әлеуметтік меди­­циналық сақ­тандыру жүйе­сін цифр­ландыру жә­не меди­циналық қыз­­­меттерді қаржы­лан­дырудың ашық­тығын арттыру бағы­тында Әлеуметтік меди­­циналық сақ­тандыру қоры Qalqan бірыңғай цифрлық платформасын енгізуде. Жаңа жүйе «МӘМС 2.0» моделі аясында медициналық қызмет көрсетуге бөлінетін қаражаттың қозғалысын бақылауға, көрсетілген қызметтің шынайылығын тексеруге және қаржыландыру үдерісін автоматтандыруға бағытталған.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Qalqan нақты жағдайда сынақтан өтіп, пилоттық жоба аясында медициналық қызметтер бойынша алғашқы төлемдер Астана қаласында жүргізілді. Өтінім беруден бастап қаражатты аударуға дейінгі операцияның бір жүйеде жүзеге асырылуы платформаның мүмкіндігін тәжірибе жүзінде тексеруге жол ашты.

Жалпы жүйеге медициналық қызметтердің 91 кіші түрін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 20 түрі іске қосылып, тағы 60 түрі бойынша сынақ жұмысы жүргізілуде. Qalqan арқылы медициналық ақпараттық жүйеден мәліметтер қабылданып, деректер автоматты түрде тексеріледі, қызмет құны есептеледі, актілер қалыптастырылып, төлем жүргізіледі. Актілерді кезең-кезеңімен қалыптастыру тетігі енгізілуде. Бұл тексерілген медициналық қызметті толық айлық көлемді күтпей-ақ төлемге жіберуге мүмкіндік береді. Ал сәйкессіздік анықталған жағдайда ақпарат қосымша тексеруге жолданады.

Платформаның басты ерекшелігінің бірі – пациенттің де бақылау процесіне қатысуы. Азаматтар өз атына тіркелген медициналық қызметтер туралы ақпаратты цифрлық форматта көріп, өзі алмаған немесе қате көрсетілген қызмет анықталған жағдайда қорға хабарлай алады. Пациенттен алынған мәлімет автоматтандырылған және сараптамалық тексеру нәтижесімен салыс­тырылады.

Осы бағыттағы мүмкіндікті тұрғындарға қолжетімді ету мақсатында Сырдария аудандық ауруханасында Qalqan платформасына өтуге арналған QR-код енгізілді. Енді аудан тұрғындары QR-код арқылы МӘМС жүйесіндегі өздеріне көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты бақылауға мүмкіндік алады.

Жүйеде пациентті сәйкестендіру үшін QR-код және Face ID секілді цифрлық құралды пайдалану көзделген. Бұл көрсетілген медициналық қызметтің нақты пациентке қатысты болғанын растауға көмектеседі. Ал цифрлық профильде азаматтың алған медициналық қызметтері туралы ақпарат жинақталады.

Qalqan медициналық емдеу процесіне араласпайды. Оның негізгі міндеті – медициналық қызметтерге бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау, деректерді салыстыру және сәйкессіздікті анықтау. Осы арқылы қолмен орындалатын операциялар азайып, расталмаған қызметтер үшін төлем жасау тәуекелі төмендейді.

Жаңа цифрлық платформа әсіресе балалар, қарттар, ауыр халдегі пациенттер сияқты мобильді қосымшаларды өздігінен пайдалана алмайтын азаматтарға қатысты бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі пациенттердің кері байланысы басқа деректермен бірге қаралып, медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін жан-жақты тексеруге жағдай жасалады.

Qalqan-ның түпкі мақсаты – медициналық қызметтерді қаржыландырудың бірыңғай цифрлық бағытын қалыптастыру. Яғни қызмет туралы ақпараттың түсуінен бастап оның тексерілуі, құнының есептелуі және төлемге дейінгі барлық кезең бір жүйеде бақыланады.

Сырдария аудандық ауруханасында QR-кодтың енгізілуі – осы цифрлық өзгерістердің аудан тұрғындарына тікелей қолжетімді болғанын көрсетеді. Ендігі жерде әр азамат өз атына көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты бақылап, сәйкессіздік байқалған жағдайда кері байланыс бере алады. Бұл – МӘМС жүйесіндегі ашықтықты арттырып қана қоймай, азаматтардың өз құқықтары мен медициналық қызметтеріне деген жауапкершілігін күшейтетін маңызды мүмкіндік.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз
22 тамыз 2026 ж. 82 0