Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейді өсірген марапат

Мерейді өсірген марапат

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында Сыр өңірінің спорт саласында еселі еңбек етіп жүрген спортшылар мен сала мамандары марапат төрінен көрінді. Салтанатты іс-шарада Сырдария ауданының спорт саласында ұзақ жыл бойы нәтижелі еңбек етіп жүрген қос жерлесіміз жоғары марапатқа ие болды.

Айта кетейік, аудан­дық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бас маманы Айкерім Мешітбаева ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Құрмет грамотасымен мара­­патталса, аудандық спорт клубының дирек­торы Диас Әлжанов Қызылорда облы­сының Құрмет грамотасына ие бол­ды.

Ауданның спорт саласы үшін орасан зор жетістік саналатын сала мамандарының жоғары марапаты – аталған маңызды бағытты дамыту шеңберінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсететін маңызды оқиға. Спорт – саламатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, елдің мерейін асыратын, жас ұрпақтың бойына жігер мен табандылық қалыптастыратын ауқымды сала. Әсіресе аудан көлемінде спорттың бұқаралық сипатын арттыру, жас спортшыларды жарыстарға дайындау, олардың шеберлігін шыңдау, спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалану секілді жұмыстардың артында білікті мамандардың тынымсыз еңбегі тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Айкерім Мешітбаеваның аудан спортының өркендеуіне қосып жүрген үлесі айрықша. Дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бас маманы ретінде ол спорт саласындағы ұйымдастыру жұмысына белсене араласып, аудан тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасауға бағытталған бастаманың жүзеге асуына үлес қосып келеді. Спорттық жарыс­тарды ұйымдастыру, бұқаралық спортты насихаттау, жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыру секілді бағыттар – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс екені баршаға мәлім.
Спорт клубы – аудан­дағы спорт­тық резервті қалып­тастыратын, жас­тардың спортқа деген қызығушылығын артты­ра­тын негізгі ортаның бірі. Клуб жұмы­сының дұрыс жолға қойылуы спорт­шылардың жаттығу үде­рісіне, жарыс­­тар­ға қатысуына жә­не жоғары нәтижеге қол жет­кізуіне тікелей әсер ете­ді. Аудандық спорт клу­бының дирек­то­ры Диас Әлжанов осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, спорт сала­сының ілгері басуына зор ықпал етуде. Оның басшы­лы­ғымен спортшы­лардың дайындығына, үйір­мелердің жұмысына, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға және аудан намысын қорғауға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бүгінде спорт саласындағы әрбір жеңісті тек спортшының жетістігі деп бағалауға болмайды. Оның артында бапкердің маңдай тері, ата-ананың қолдауы, спорт саласы мамандарының ұйымдастырушылық жұмысы және тұтас бір команданың еңбегі бар. Сондықтан Айкерім Мешітбаева мен аудандық спорт клубы директоры Диас Әлжанов еңбегінің жоғары бағалануы – осы салада қызмет етіп жүрген барша азаматқа көрсетілген құрмет деп қабылдауға болады.

Мұндай марапаттар сала маманына жаңа серпін беріп, алдағы міндеттерге деген жауапкершілігін арттыра түсетіні анық. Себебі спорт саласында нәтиже бір күнде қалыптаспайды. Әрбір жетістіктің артында ұзақ дайындық, табанды еңбек, жүйелі ізденіс пен үлкен жауапкершілік жатады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 тамыз 2026 ж. 56 0