Спорттық киім – аудан бренді
Сырдария ауданында бұқаралық спортты дамыту, жас спортшылар шеберлігін шыңдау және жергілікті дарындардың әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Спорт саласындағы жетістік тек жарыстағы жүлдемен ғана өлшенбейді. Спортшының дайындығы, тәртібі, мәдениеті, сыртқы келбеті мен ел алдында аудан намысын лайықты қорғауы да маңыздылығын жоймайды.Осы тұрғыдан алғанда, ауданның өзіндік спорттық үлгісін қалыптастыру мақсатында, арнайы киім үлгісін енгізу – бүгінгі күн талабына сай бастаманың қатарына жатады. Қазіргі уақытта аудан спортшылары түрлі жарысқа қатысқанда біркелкі, арнайы үлгіде тігілген спорттық киіммен қамтамасыз етіледі. Бір жағынан аталған бастама – кез келген спортшының бірлігін көрсетіп қана қоймай, жергілікті жердің өзіндік спорттық брендіне айналып келе жатқанын айқындайды.
Аталған жұмыс Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі арқылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылады. Мұнда спорттық киімнің сапасына, талапқа сәйкестігіне және оны дайындайтын тігін шеберханасының қажетті сертификатының болуына ерекше мән беріледі. Өйткені спорттық киім – жай ғана сыртқы жабдық қатарына кірмейді. Спортшының жаттығуы мен жарыс кезіндегі қимыл-қозғалысына қолайлы, сапалы әрі қауіпсіз болуы тиіс арнайы құралға айналады.
Жыл сайын белгіленген тәртіпке сәйкес аудан спортшыларына арналған салтанатты спорттық киімнің бірнеше данасы тапсырыс беріледі. Бұл киім спортшы саны мен қолданыстағы талапқа сәйкес дайындалады. Біркелкі үлгідегі киімнің болуы аудан құрамасының жарыста бірден танылуына мүмкіндік береді. Әсіресе облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі додада ауданның әрбір спортшысының бірыңғай киіммен шығуы – ауданның ұйымшылдығы мен спортқа деген құрметінің көрінісі.
Бұл ретте, жыл сайын әр спорттың өзіндік ерекшелігі ескеріліп, сол бағытқа қажетті арнайы спорттық киім мен жабдық та тапсырыс арқылы дайындалады. Себебі әр спорт түрінің талабы әртүрлі. Бір спортшыға ыңғайлы киім екінші спорт түріне жарамауы мүмкін. Сондықтан ауданның спорт саласында жалпыға ортақ бір үлгімен шектелмей, әр спорттың табиғатына сай арнайы киім әзірлеуге басымдық беріліп отыр. Мәселен, ұлттық спорт түрінің бірі – көкпарға қатысатын спортшы үшін арнайы спорттық киіммен қатар, ұлттық нақыштағы бөрік те дайындалады. Бұл жерде спорттық талап пен ұлттық құндылық сабақтастығы қатар көрініс табады. Көкпаршының жарыс алаңына ұлттық сипаттағы бас киіммен шығуы – халқымыздың дәстүрлі спортын дәріптеудің, ұлттық болмысты танытудың жарқын айғағы.Ал ат спорты бағытында спортшының қауіпсіздігі мен қозғалысына ыңғайлы арнайы ақ түсті киім үлгісіне мән беріледі. Ат үстіндегі спорт түріне киімнің пішімі мен сапасы аса маңызды. Өйткені спортшының еркін қозғалуына кедергі келтірмейтін, ат үстінде жарыс талабына сай қолдануға ыңғайлы киім ғана тиімді. Жеңіл атлетикада да жағдай осыған ұқсас. Жүгіру бағытындағы спортшыларға жеңіл әрі қимылға қолайлы арнайы киім үлгісі және жүгіруге арналған аяқ киім дайындалады. Оның табанына жүгіріс кезінде жерді нық басуға мүмкіндік беретін арнайы шегенің орналасуы да ескеріледі. Мұндай жабдық спортшының жарыс кезіндегі нәтижесіне тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Шын мәнінде, спорттық киім тіктіру ісі тек сыртқы көріністі қалыптастырумен шектелмейді. Мұның астарында спортшылардың жағдайын жақсарту, әр спорт түрінің ерекшелігін ескеру, ұлттық спортты насихаттау және ауданның өзіндік спорттық келбетін қалыптастыру мақсаты бар.
Өз кезегінде спорттық киім жөнінде Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов кеңінен тоқталды.
– Спортшы үшін жарысқа қажетті құрал-жабдықтың сапасы өте маңызды. Ал аудан намысын қорғауға барған спортшының бірыңғай, талапқа сай арнайы киіммен шығуы – оның өзіне деген сенімін арттырады деп ойлаймын. Біз үшін спорттық киімнің әдемі болуынан бөлек, сапалы, қолайлы және нақты спорт түрінің талабына сай болуы – басты назарда. Сондықтан жыл сайын спортшыларымыздың қажеттілігіне қарай арнайы киімге тапсырыс беріп, олардың сапасына қойылатын талаптың сақталуын бақылауға тырысамыз. Әсіресе ұлттық спорт түріне арналған киімдерге ерекше мән береміз. Біздің мақсатымыз – Сырдария спортшылары қай жарысқа барса да, олардың киімінен ауданымыздың өзіндік қолтаңбасы байқалатындай жағдай қалыптастыру. Бірыңғай спорттық киім – бірлік пен тәртіптің, спортшыға көрсетілген қолдаудың белгісі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді бөлім басшысы.
Спорттық киімнің сапасы мен оның спортшыға ыңғайлылығы – басты өлшем. Себебі жарыс алаңында әрбір секунд, әрбір қимыл маңызды. Сондықтан киімнің матасынан бастап, пішіміне, өлшеміне, тігіс сапасына дейін назар аударылуы орынды. Жалпы, спорттағы жетістік – тек спортшының жеке еңбегінің нәтижесі емес. Жергілікті әрбір спортшы үшін арнайы киімнің жыл сайын жаңартылып, әр спорт түрінің ерекшелігіне қарай дайындалуы – аудан спортына деген тұрақты назардың айғағы.










