Тамызда күн райы салқындай бастайды
Жаздың соңғы айы – тамыз әрдайым жаңа маусымға дайындықтың кезеңі саналады. Бұл айда әрбір қазақстандық жазғы демалысты қорытындылап, жаңа оқу жылына, еңбек маусымына және қоғам өміріндегі бірқатар маңызды өзгеріске қадам басады. 2026 жылдың тамызы да ел өмірінде есте қалатын оқиғаға, жаңа заңнамалық талапқа, әлеуметтік бастамаға және маңызды саяси науқанқа толы болмақ.Биыл тамыз айында ел халқы барлығы 10 күн демалады. Оның ішінде, бес сенбі мен бес жексенбі бар. Бұл айда мемлекеттік мереке қарастырылмағандықтан, қосымша демалыс күні белгіленбейді. Бұған дейін мерекелік демалыс ретінде аталып келген 30 тамыз – Конституция күні демалыс күнінің қатарынан алынып тасталғандықтан, жұмыс күнін ауыстыру да көзделмеген. Осылайша бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін азамат үшін ай ішінде 21 жұмыс күні болса, алты күндік жұмыс аптасындағылар 26 күн еңбек етеді.
Мемлекеттік мереке болмаса да, тамыз айы ел үшін маңызы зор бірнеше кәсіби және тарихи күнге бай. Айдың алғашқы жексенбісінде теміржол көлігі қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтсе, 9 тамызда құрылысшылар күні, 10 тамызда қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған Абай күні аталып өтеді. Ал 12 тамыз – Жастар күні, 16 тамыз – Спорт күні, 18 тамыз – Шекарашылар күні, 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні, ал 30 тамызда шахтерлердің еңбегі ұлықталады.
Тамыз айы ауа райының біртіндеп салқындай бастауымен де ерекшеленеді. «Қазгидромет» мамандарының көпжылдық бақылауына сәйкес, еліміздің басым бөлігінде орташа ауа температурасы +21...+29 градус шамасында болады. Қиыр оңтүстік-батыста +30...+31 градусқа дейін жетуі мүмкін болса, солтүстік және шығыс өңірлерде +15...+20 градус аралығында болады деп күтілуде. Солтүстік аймақта жауын-шашын мөлшері көбірек түссе, оңтүстікте негізінен құрғақ ауа райы сақталады. Шілде айымен салыстырғанда аптап ыстықтың бәсеңдеп, ұзаққа созылатын құрғақшылық қауіпінің төмендеуі болжануда.
Жаздың аяқталуы білім беру саласы үшін де маңызды кезең. 2026-2027 оқу жылына арналған бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызда аяқталады. Өтінім электронды үкімет порталы арқылы қабылдануда. Биыл алты жасқа толған немесе жыл соңына дейін алты жасқа толатын бала бірінші сыныпқа қабылданады. Ал жоғары оқу орнына түсуді күтіп жүрген талапкер үшін мемлекеттік білім грантының нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Әрбір талапкер конкурс қорытындысын eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы көре алады.
Тамыз еліміздің саяси өмірінде де ерекше орын алады. 23 тамызда Қазақстан тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Жаңа бір палаталы Құрылтай құрамына 145 депутат сайланып, сайлау партиялық тізім арқылы ұйымдастырылады. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота сақталады. Бұл саяси жаңғыру жолындағы маңызды қадамның бірі ретінде бағалануда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында да бірқатар жаңа талап енгізіледі. 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Жолдың жүру бөлігінде тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс шлемін киген азаматқа ғана қозғалуға рұқсат беріледі. Ал өзге пайдаланушылар велосипед жолақтары мен арнайы веложолдарды қолдануы тиіс.
Тамыз айында табиғатты қорғауға қатысты да маңызды өзгеріс күшіне енеді. 4 тамыздан бастап киік мүйізін және одан дайындалған өнімді өткізу жаңа тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Енді олар мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңында аукцион арқылы сатылып, ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанады. Бұл жүйе сауда-саттықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласында да жауапты жұмыс атқарылмақ. Денсаулық сақтау министрлігі 15 тамызға дейін еліміздегі 69 перзентханаға кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру барысында медициналық ұйымның санитарлық жағдайы, дезинфекциялық құралмен және заманауи жабдықпен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығы бағаланады. Аталған жұмыс ана мен бала денсаулығын қорғау сапасын арттыруға бағытталған.
Әйелдерді баспанамен қамтуға арналған «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасы да тамыз айында бастау алады. Бағдарламаға 45 миллиард теңге бөлініп, ресми табысы бар әрі соңғы алты ай бойы зейнетақы аударымын тұрақты жүргізген азаматша 50 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесін 25 жылға дейінгі мерзімге рәсімдей алады. Бағдарлама алғашқы баспананы сатып алуға ғана емес, тұрғын үй жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді.
Туризм саласында қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында 1 тамыздан бастап гидтер, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушылары үшін бірыңғай талап күшіне енеді. Енді туристік қызмет міндетті түрде келісімшарт негізінде көрсетіліп, гид саяхат басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын маршруттың ерекшеліктері, қауіпсіздік талаптары және ықтимал тәуекелдер жөнінде толық ақпарат беруге міндетті болады. Ал төтенше жағдай орын алған жағдайда уәкілетті органдар мен туристердің жақындарына дереу хабарлау талабы енгізіледі.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










