Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

№56 газет

28 шілде 2026 ж.

№55 газет

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Спорт тарихындағы жаңа кезең

Спорт тарихындағы жаңа кезең

Бас қалада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік Әнұранымен басталып, ел рухын асқақтататын әсерлі көріністермен жалғасты. Заманауи сахналық технологиялар, мультимедиялық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері үйлескен ерекше шоу көрер­мендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі әлемде спорттың жаңа сипат алып келе жатқанын атап өтті.

«Ең алдымен, шын жүрегіммен бәріңізге елордамыз – Астанаға қош келдіңіздер деймін! Бүгін біз «Болашақ ойын­дары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығай­татын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе. Жаңа ғана Ресей Президенті Қазақстанға және барша спортшыларға арнайы құттықтауын жолдады. Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы – Владимир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын. Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды. Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты. Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың сер­пін береді деп сенемін. Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік.   Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды. Бірінші шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл халқымыз үшін тарихи оқиға болды деп айтсақ, артық емес. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді. Бұл – шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған, яғни өркениетке қарай жасалған озық қадам» деді Мемлет басшысы.

Әрине, 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін халықаралық турнирге әлемнің мықты спортшылары қатысады.

Жарыс бағдарламасына спорт пен киберспорттың ең танымал сегіз бағыты енгізілген. Атап айтқанда, қатысу­шылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, сондай-ақ Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds ойыны бойынша өзара бақ сынайды.

Халықаралық жарыстар елорданың ең ірі спорт нысан­­дарында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, Ұлттық теннис орталығы және «Барыс Арена» көпбейінді мұз сарайы жарыс күндері әлемнің үздік спортшылары мен жанкүйерлерінің басын қосады.

Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы да жоғары дайындықпен қатысуда. Ел намысын түрлі бағыт бойынша 11 команда қорғайды. Олардың қатарында тәжірибелі спортшылармен бірге халықаралық ареналарда көзге түсіп жүрген жас таланттар да бар.

«Болашақ ойындарының» ашылу рәсіміндегі ең ерекше жаңалықтың бірі – жасанды интеллект көмегімен әзір­ленген ресми маскоттардың таныстырылуы болды. Бұл тек көркем безендіру элементі ғана емес, цифрлық технологиялардың спорт индустриясына кеңінен еніп келе жатқанын көрсететін маңызды қадам. Заманауи графика, анимация және жасанды интеллект құралы арқылы жасалған маскоттар көрерменнің ерекше қызы­ғушылығын тудырып, жарыстың өзіндік символына айналды.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 тамыз 2026 ж. 82 0