Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркиялық саяхатшы – Тереңөзекте

Түркиялық саяхатшы – Тереңөзекте

Жексенбі күні бес жылдан бері шетелдерді саяхаттап жүрген жиһанкез Адем Атешті Тереңөзектен кезіктірдік. Әлемді велосипедпен аралап, Сыр өңіріне жеткен саяхатшы аудан орталығына табан тіреп, жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Жалпы алғанда, саяхат – тек жаңа жерлерді көру ғана емес, түрлі халықтың мәдениетімен танысып, олардың тұрмыс-тіршілігін сезіну екені мәлім. Осындай мақсатты өмірлік ұстанымына айналдырған Адем Атеш жыл сайын төрт айын әлем елдерін велосипедпен аралауға арнайды. Оның айтуынша, жол азабы мен ұзақ сапардан ешқашан қорықпайды. Керісінше, әр елдің табиғаты, адамдары мен мәдениеті оған жаңа шабыт сыйлайды. Бес жыл ішінде саяхатшы Грузия, Армения, Иран, Ауғанстан, Ирак және Кипр елдерінде болып үлгерген. Биылғы сапарын да ерекше жоспарлаған ол маусым айының 6-сында ұшақпен Әзербайжанға барып, онда 25 күн аялдаған. Кейін Каспий теңізі арқылы кемемен Қазақстанның Ақтау қаласына жетіп, 6 шілдеден бастап велосипедпен еліміздің өңірлерін аралауға кіріскен. Осылайша мыңдаған шақырымды артқа тастады.

Жол үстінде талай қызықты оқиғаны бастан өткерген саяхатшы Қазақстан туралы ерекше әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, қазақ халқының қонақжайлығы туралы бұрыннан естігенімен, оны өз көзімен көргенде бұл қасиеттің шынайылығына толық көз жеткізген.

– Қазақ халқы өте қонақжай екен. Жолда кездескен адамдар суретке түсіп, жылы лебіздерін білдіреді. Көпшілігі су ұсынып, тамақтандырып, жолымды сұрап, қамқорлық танытып жатады. Осындай кеңпейілді халықпен жүздескеніме қуаныштымын, – дейді Адем Атеш.

Мұндай мейірімділік ұзақ сапарда жүрген кез келген адамның күш-қуатын арттырып, алға қарай жүруге жігер береді. Сондықтан Қазақстан оның саяхат картасында ерекше орын алатынын жасырмайды.

Адем Атеш – тек саяхатшы ғана емес, кәсіби суретші. Оның шығармашылығы дәстүрлі түрік өнерімен тығыз байланысты. Әсіресе, Эбру деп аталатын су бетіне сурет салу өнерін жетік меңгерген.

Эбру – ғасырлар бойы Түркияда дамып келе жатқан ерекше бейнелеу өнері. Бұл әдісте арнайы табиғи қоспа қосылған қоюлау су пайдаланылады. Су бетіне жайылып кетпейтін арнайы бояулар тамшылатып түсіріліп, ине, біз немесе тарақ тәрізді құралдардың көмегімен түрлі өрнек жасалады. Дайын болған бейне қағаздың бетіне көшіріліп, қайталанбас көркем туынды дүниеге келеді. Әрбір сурет бір ғана рет жасалатындықтан, оның дәл сондай көшірмесін қайта жасау мүмкін емес.

Суретші Эбру өнері адамға сабырлықты, ұқып­тылықты және табиғатпен үйлесімділікті үйретеді дейді. Сондықтан ол барған мемлекеттерінде осы өнерді насихаттап, жергілікті тұрғындарға таныстыруды өзінің шығармашылық мақсаты санайды. Ұзақ сапар уақытында велосипед – оның ең сенімді серігі. Қажетті заттарының барлығы арнайы сөмкелерге жинақталған. Күн сайын ондаған шақырым жол жүріп, табиғат аясында тынығып, жаңа адаммен танысу оның өмір салтына айналған.

Тереңөзекке сапары аясында да жергілікті тұрғындармен жүздесіп, қазақтың дархан мінезіне тәнті болған саяхатшы алдағы бағыттары туралы да айтып берді. Оның келесі межесі – Қырғызстан мен Өзбекстан. Осы елдерді аралағаннан кейін де әлемнің басқа мемлекеттеріне саяхатын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Шекара мен қашықтықты велосипедпен еңсеріп жүрген Адем Атештің өмір жолы – ерік-жігердің, өнерге деген адалдықтың және әлем халықтарын жақындастыруға деген ұмтылыстың жарқын көрінісі. Қырық сегіз жастағы саяхатшы барған әрбір елден тек көрікті жермен қатар, адамдың мейірімін, мәдениетін және достықтың құндылығын өзімен бірге алып жүреді.
Тереңөзекке ат басын бұрған түркиялық саяхатшының сапары – халықаралық достықтың, мәдени байланыстардың және өнердің ұлт пен шекара талғамайтын әмбебап құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айта кетейік, саяхатшының велосипедінде Қазақстан, Әзербайжан, Түркия елінің туы ілініп тұр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 шілде 2026 ж. 133 0