Бірыңғай QR-код жүйесінің артықшылығы қандай?
Басылымның «Назар» айдары аясында елімізде көпшілік арасында жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелерді оқырман назарына ұсынып келеміз. Соңғы уақытта отандық банктердің қызметі бірыңғай QR-код жүйесіне көшетіні туралы жиі айтылуда. Өз кезегінде Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде бірыңғай QR-код жүйесін енгізудің соңғы кезеңдерін талқылап, бірқатар шешім қабылдады.Банктердің банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылу барысы, сондай-ақ QR-код арқылы төлем жасау қызметін кеңінен қолданысқа енгізу мәселесі қаржы саласы мамандары тарапынан жан-жақты қарастырылды. Қабылданған шешімге сәйкес, бірыңғай QR-код жүйесін кезең-кезеңімен енгізу шілде айының басынан басталып, 2026 жылғы 19 шілдеде толық іске қосылды.
Жаңа жүйенің басты артықшылығы – тұтынушылар төлем жасау кезінде сатушы қай банктің QR-кодын пайдаланатынына қарамастан, өздері қолданатын банк қосымшасы арқылы еркін есеп айырыса алады. Бұл түрлі банк арасындағы төлемді жеңілдетіп, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Мамандардың айтуынша, бірыңғай QR-код төлем қызметінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мәдениетін дамытуға да оң ықпал етеді. Дегенмен, жүйеге әрбір банктің қосылу мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жаңа қызметтің барлық клиент үшін қолжетімді болуы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
ҚР Ұлттық банкі төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бірыңғай QR-код жүйесі қолма-қол ақшасыз төлем жасауды айтарлықтай жеңілдетеді.
«Бірыңғай QR-код енгізіледі. Бір ғана QR-код арқылы қай банктің қосымшасын пайдалансаңыз да – Kaspi, Halyk, Forte немесе басқа банк болсын – еш кедергісіз төлем жасауға мүмкіндік туады. Биыл 19 шілдеден бастап банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында биылғы 1 мамырдан бастап экономиканың жаңа бағытын дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Үдерісті жан-жақты зерттедік. Бұл жұмыспен өз мамандарымыз айналысып жатыр. Банктер өз экожүйелерінде QR-төлемдерге арналған технологиялар мен қауіпсіздік құралдарына қомақты инвестиция салды. Енді осы жүйелерді өзара қауіпсіз түрде ықпалдастырып, бір-біріне қолжетімді ету қажет болды» деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бірыңғай QR-код жүйесін енгізу «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында жүзеге асырылуда. Аталған заң ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған және банкаралық мобильді төлемдер жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Негізінен, бұл бастама осыдан екі жыл бұрын елімізде талқылана бастаған. Ұлттық банк пилоттық жобаның мүмкіндіктерін саралап, оны биыл қолданысқа енгізіп отыр.
Жаңа бастама еліміздегі цифрлық қаржы қызметтерінің сапасын арттырып, төлем жасау үдерісін барынша ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Б.ОРДАБЕКОВ










