Барлық банкке бірыңғай QR-код енгізіледі
Ұлттық банк кез келген терминалдан төлем жасауға болатын банкаралық QR төлем жүйесін іске қосты. Енді барлық банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасай аласыз. Айтпақшы, бұл әзірге қанатқақты жоба. Ұлттық банк (ҰБ) пен Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) қолға алған жоба аясындағы алғашқы транзакция 15 қарашада Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Банкаралық QR төлем қызметі – азаматтарға QR арқылы төлемдерді тез әрі ыңғайлы іске асыруға көмектесетін Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның (NDFI) маңызды бөлшегі. Бұл түрлі банктің бірнеше терминалын орнату шығынын азайтады, азаматтар кез келген банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасайды. Сондай-ақ банкаралық транзакцияларды өңдеу шығындарын төмендетіп, клиенттерге ұсынатын төлем қызметтері кеңейе түседі. Қазір бұған банктер кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Жобаны кең ауқымда қосу келер жылға жоспарланып отыр.
– Қазір Ұлттық банк инфрақұрылымының негізінде банкаралық QR төлемдер жүйесі құрылып жатыр. Бұл жүйе бүкіл елге, барлық нарық қатысушысына және олардың клиенттеріне арналған. Оны енгізу банктердің төлем мүмкіндігі мен қызмет көрсету аясын кеңейтеді, олардың клиенттеріне кез келген банктер арасында банкаралық QR-төлемдерді қабылдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл төлем нарығындағы бәсекелестікті арттырып, тұтынушылардың құқығын қорғауға жол ашады, – деген еді ҰБ басшысы Тимур Сүлейменов «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.
«Quick Response» (QR) жүйесін алғаш рет 1994 жылы Жапонияның «Denso Wave» компаниясы жасаған. Автокөлік бөлшектерін жылдам қадағалауға арналған әдіс қаржы саласын дүр сілкіндіреді деп ешкім де ойламады. Штрихкодтарға қарағанда әлдеқайда көп ақпарат сақтайтын, смартфон арқылы лезде сканерлеуге болатыны оны сан салаға сыйымды етті. QR кодтың ішіне 7 мың таңбаға дейін мәтін, суреттерге сілтеме немесе электронды визитка сияқты мәліметтер салынады. QR кодтар пандемия кезінде ерекше танымал болды. Олар байланыссыз төлемдер, тамаққа тапсырыс беру, денсаулық жағдайын бақылау (Ashyq жүйесі сияқты), адамдар арасындағы қашықтықты сақтауға жиі қолданылды.
– Бұл – күрделі техникалық тетік. Дегенмен банктер жалпы алғанда бұл бастаманы оң бағалағанын атап өткен жөн. Қазір жүйе технологиялық тұрғыдан жұмысқа дайын, нарық қатысушыларымен бірге бизнес-процестерді талқылап, техникалық интеграциялау жұмыстары жүргізіліп, банктер Жол картасына сәйкес жүйеге қосылып жатыр. Қызмет 2024 жылдың аяғына дейін іске қосылады, ал нарық қатысушылары өз клиенттері үшін оның аясын 2025 жылдан бастап кеңейте бастайды, – деді Ұлттық банк басшысы.
Елімізде барлық банкке бірыңғай QR-код енгізілетіні 2022 жылы айтылған еді. Сол арқылы қай банктің клиенті болса да, кез келген терминалдан QR арқылы төлем жасауға болатыны белгілі болған. Тіпті ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов биыл 23 ақпандағы баспасөз мәслихатында банктерді бірыңғай QR-код қосылуға міндеттеуі мүмкін екенін де айтқан.
– Банктер Ұлттық қаржы инфрақұрылымының артықшылықтарын көруі керек, оның негізінде олар бір-бірімен өзара әрекеттесу мүмкіндіктері бар. Ол ерікті түрде жасалады. Барлық банктер бірыңғай QR-код бойынша төлемге қосылады деп үміттенемін. Егер ерікті түрде қосылмаса, біз міндеттеу шарасын іске асыра алатынымызды жоққа шығармаймын, – деген еді ол.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»