Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлінуде

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлінуде

Ауданымыздың негізгі саласы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы ауданда 32 473 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, күріш 18 541 гектарға егілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.

Биыл шаруашылық құрылымдары заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 4000 гектар жерге лазерьлік тегістеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, ауданда тегістеу жұмыстары 80 пайыздан асты. Су тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін дақыл егу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында құны 40 млрд. теңгеге «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің «Жүгері дақылын терең өңдеу зауытының» құрылысы жүргізілуде. Биыл бірінші кезеңде өнім жинау қоймасы мен кептіру қондырғысы орнатылып, қазан айынан бастап жүгері дақылын қабылдай бастайды. Өнім қабылдау қуаттылығы – 20 мың тонна. Өндірістік нысан толық аяқталғанда 500 адам жұмыспен қамтылатын болады. Осыған орай, аудандағы шаруашылық құрылымдары 738 гектарға жүгері дақылын егуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ауданда 809 гектар жерге бақша, көкөніс дақылдары егілді. Оның ішінде, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Шіркейлі, Бесарық, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарында жастар бригадалары 100 гектарға жуық жерге бақша дақылдарын орналастырды.

Мал шаруашылығын дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аудан бойынша мүйізді ірі қара басының саны 1,1 пайызға, жылқы 6,3 пайызға, уақ мал 1,2 пайызға өсті. Сондай-ақ, ет өндірісі 2,3 пайызға, сүт өндірісі 1,4 пайызға көбейді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды іске асыру және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
16 шілде 2026 ж. 67 0