Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әріптестері Ардақ Зебешевті жаңа қызметке шығарып салды

Әріптестері Ардақ Зебешевті жаңа қызметке шығарып салды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Онда әріптестері осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ардақ Темірханұлы Зебешевті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты құрметпен шығарып салды.

Аймақ басшысы Ардақ Темірханұлының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

«Ардақ Темірханұлы 2024 жылдың ақпан айынан бері облыс әкімінің орынбасары ретінде инвестиция тарту және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік етті. Оның үйлестіруімен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп, Мемлекет басшысының инвестициялық экожүйені қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруда нақты нәтижелерге қол жетті.

Осы кезеңде өңірге 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, соңғы екі жылда жалпы құны 339 млрд теңгеден асатын 48 инвестициялық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, халықаралық әріптестік байланыстар аясы кеңейді», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шетелдік инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, испаниялық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын зауыты мен швейцариялық «Harvest Group» компаниясының агроиндустриялық кластер құру жобалары бастау алды.

Қытай Халық Республикасымен ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына озық технологиялар енгізуге бағытталған 9 келісімшартқа қол қойылды. Энергия үнемдейтін шыны өндірісі, заманауи кірпіш зауыты, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешендер іске қосылды.

Бұдан бөлек, Сыр өңірінің мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау және ынтымақтастықты дамыту бағытында Финляндия, Эстония, Испания, Швейцария және Франция мемлекеттерінде өткен өнер күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.

Ардақ Темірханұлына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының Алғыс хаты, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.

Сонымен қатар, мәжілісте Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегеновтің құрметті зейнет демалысына шығуына орай, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен облыс прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалған Дүйсенбаев Нұрболат Серікұлы таныстырылды.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
08 маусым 2026 ж. 52 0