Сырдарияға серпін беретін жоба
Сырдарияда биылғы сүйіншілейтін басты жаңалықтың бірі – жаңа зауыт құрылысының басталуы. «Қызылорда-Жалағаш» тас жолының бойында, яғни Тереңөзек кентінің аумағында жүгері дәнін терең өңдеуге арналған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің құрылысының алғашқы кезеңіне дайындық жүргізілуде. Осы жылы басталатын зауытты толықтай іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланып отыр.Қойын дәптерді қолға алып, фотоаппаратымызды асынып, құрылыс жүргізілетін аумақты көзбен көру мақсатында нысаналы жерге бағыт алдық. Тереңөзектің іргесінде орналасқан зауыттың құрылысы екі кезеңнен тұрады. Бүгінде өндіріс орны жасақталатын аумақты қоршау жұмыстары жүргізілуде. Осы күні 30-ға жуық адам бетон құю, құм блокпен қоршауды өру, жертөле салу жұмыстарына аса мән беруде. Бұл ретте құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандар тартылған. «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорының орынбасары Шухрат Құрбанов аудан орталығынан салынатын зауыттың стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – ел экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі болып отыр. Осыған байланысты жаңадан құрылып жатқан аудан орталығында жүгері өңдеу зауытын салу туралы шешім – стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі уақыт талабына сай қадам деп санаймын. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құнды өнім алу кеңінен жолға қойылған. Мысалы, АҚШ, Бразилия және Қытай мемлекеттерінде жүгері тек азық-түлік ретінде ғана емес, крахмал, биоэтанол, мал азығы және өнеркәсіптік шикізат ретінде кең көлемде өңделеді. Бұл елдерде өндіріс тиімділігі жоғары технологиялар мен толық автоматтандырылған жүйелерді енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Осы тәжірибені негізге ала отырып, біздің зауыттың стратегиялық бағыты бірнеше негізгі бағыттан тұрады. Зауыт толықтай іске қосылғанда заманауи технологияларды енгізу көзделген. Өндіріс процесін толық іске қосу арқылы өнім сапасын арттырып, шығындарды азайтамыз. Бұл бізге халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Негізінен біздің тәжірибеміз өзге өңірлерде кеңінен қолданылып келеді. Біз бұған дейін бірнеше өңірде крахмал-сірне зауытын салып, жұмыс жасап жатырмыз, – деді Шухрат Құрбанов.
Зауыт жылына 150 мың тонна жүгері дәнін өңдеуге қауқарлы. Зауыт құрылысының алғашқы кезеңінде шикі өнімді қабылдайтын, сақтайтын, кептіретін бірнеше орын салынады. Зертхана ғимаратының құрылысы да жүргізіледі. Мамыр айының соңында Түркия елінен арнайы жабдықталған зауытқа қажетті құрылғылар әкелінеді. Франциядан дән кептіргіш қондырғы жеткізіледі. 5 мың тонналық көптеген бөшке әкелініп, шаруалардан алынған жүгері дәні сақталатын болады. Тынымсыз еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде, бірінші кезеңді осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. Бастапқыда 30-ға жуық маман тұрақты жұмысқа тартылса, зауыттың құрылысы толық аяқталғанда 550 адам еңбек етеді деп күтілуде.
Расында, бұған дейін сырдариялықтар күріш, бидай секілді дәнді дақылдарды өсіруге машықтанған. Жергілікті шаруалар алдағы уақытта суды аз қажет ететін жүгері егуді қолға алатын болады. Зауыттың Сырдария ауданында салынуы – аудан экономикасының серпінді дамуына айтарлықтай мүмкіндік туғызады. Құны 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жобасы толықтай жүзеге асқанда 28 өнім шығарылады деп күтілуде. Мәселен, крахмалдың 4, сірненің 7-8 түрі өндірілсе, өзге де мал азығы дайындалады. Зауыттан өндірілген өнімнің 70 пайызы шетелге экспортталады.
– Зауыт салудың негізгі маңыздылығы – ол тек бір кәсіп ашу емес, бүкіл экономикаға әсер ететін үлкен жоба. Қазіргі таңда жаңадан салынып жатқан жүгері өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі жоспарға сәйкес табысты жүзеге асырылуда. Бұл кезең – жобаның ең жауапты әрі іргелі бөлігі болып табылады, себебі дәл осы уақытта болашақ өндірістің негізі қаланады. Бірінші кезең аясында құрылыс алаңын дайындау, инженерлік инфрақұрылымды тарту, іргетас құю және негізгі өндірістік ғимараттардың қаңқасын тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық стандарттарға сай келетін технологиялық шешімдер алдын ала пысықталып, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу бойынша келісімшарт жасалуда. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өндірістік нысандардың алғашқы құрылыс кезеңінде сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – болашақтағы тиімділіктің негізгі кепілі болып табылады. Осыған орай, біз құрылыс жұмыстарына білікті мамандарды тартып, заманауи құрылыс материалдары мен технологияларды қолданудамыз. Біздің басты мақсатымыз – тек зауыт салып қана қоймай, ұзақ жыл бойы тұрақты жұмыс істейтін, экологиялық талаптарға толық жауап беретін және жоғары өнімді өндіріс орнын қалыптастыру. Құрылыс барысы қатаң бақылауда, барлық жұмыс бекітілген мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңімен орындалуда. Бұл кезеңде жергілікті еңбек ресурстарын тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға және олардың кәсіби тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта құрылыс жұмысының келесі кезеңдеріне көшу арқылы зауытты толық іске қосуға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасады. Біз бұл жобаның аудан экономикасына тың серпін беріп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдіміз, – деді «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-і директорының орынбасары Шухрат Құрбанов.
Құрылыстың екінші кезеңі 2027-2029 жылдарды қамтиды. Осы аралықта қоймалар, әкімшілік ғимарат салынып, заманауи технологиямен жабдықталған зауыт тұрғызылады. Аграрлық саланы әртараптандыру маңызды рөл атқарады. Жеке инвестордың қаражаты есебінен салынатын зауыттың жергілікті халыққа тигізетін пайдасы зор. Алдағы уақытта инженерлер, технологтар, жұмысшылар тартылып, өндіріс әлеуеті артады. Тереңөзек кентінің аумағы құрылыс алаңына айналып, аудан экономикасына құйылатын қаржы көлемі артады.
Жалпы алғанда, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС жобасынан бөлек, 2026-2028 жылдары «Қызылорда Энерджи ЛТД» серіктестігінің қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы жоспарлануда. Ал 41 млрд теңгелік газ өндіру зауытының құрылысы және Шаған ауылындағы 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының жобасы аудан әлеуетін арттырмақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










