«Армысың, әз-Наурыз!» тақырыбында мерекелік салтанатты іс-шара өтті
Бүгін Орталық алаңда «Армысың, әз-Наурыз!» тақырыбында Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, қоғам қайраткері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Әріп Хожбанов бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Баршаңызды жақсылықтың жаршысы, жақсы істердің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының атынан шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелден халқымыз үшін береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған Ұлы даланың қасиетті мейрамы. Жаңарған қазақ елінің ертеңі мен болашағын жалғайтын ұлттық мереке. «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі елімізде ерекше аталып өтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі бекітілді. Бүгінде ұлттық мерекеміз 10 күн бойы тойлануда. Мемлекет басшысы дамудың жаңа бағытын айқындап, жарқын бастамалар жүзеге асырылуда. Сырдария ауданының халқы жылдағы дәстүр бойынша Наурыз мерекесін көтеріңкі көңілмен қарсы алып отыр. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен барлық салада нәтижелі жетістіктерге қол жеткізілуде. «Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады» дейді ата-бабаларымыз. Ұлыстың Ұлы күні – Сырдария жеріне толайым жаңалықтармен келсін! – деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы.
Облыс әкімінің орынбасары бірқатар азаматқа облыстық «Құрмет грамотасы» және облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.
Мұнан соң қоғам қайраткері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иегері Әріп Хожбанов мерекелік құттықтауын жеткізді.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев сырдариялықтарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Наурыз – ежелден халқымыз үшін жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ата-бабаларымыз наурызды ерте заманнан жаңа жылдың бастауы деп санаған. Шуақты көктем мерекесінде күн мен түн теңеліп, бүкіл дүние қайта жаңғырып, халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрінен бастау алатын, ізгілік пен мейірімділіктің, татулық пен сыйластықтың, мәңгілік құндылықтардың жаршысы саналады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар сырдариялық аудан әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды.
Салтанатты жиын ұлттық дәстүрлермен сабақтасқан тағылымды көріністермен, мәдени-көпшілік бағдарламалармен жалғасын тауып, мерекелік концертке ұласты және спорттық ойындар өткізілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі












