Наурыз – береке мен бірліктің мерекесі
Қалжан ахун ауылдық окруінде «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі» биыл да ерекше сән-салтанатымен, жоғары деңгейде атап өтілді.Көктемнің шуақты мерекесіне жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтары көтеріңкі көңіл күйге бөленіп, ұлттық дәстүрдің сәнін келтірді.
Мерекелік іс-шара барысында әсем ән шырқалып, думанды күй күмбірледі. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, көпшілікке ақ тілектерін арнады. Арнайы дайындалған наурыз көже таратылып, келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйланды.
Бұл күні әр көше тұрғындары белсенділік танытып, өздеріне берілген тапсырмалар бойынша өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтып, бірі би билеп, енді бірі ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін көріністер қойды. Бұл – ауыл бірлігінің, татулығының айқын көрінісі болды.
Сонымен қатар, қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері жаңғыртылып, ұлттық ойындар кеңінен ұйымдастырылды. Алтыбақан құрылып, жастар ән салып, көңіл көтерді. Арқан тарту, асық ату сынды ойындар ойнатылып, қатысушылар өз бақтарын сынады.
Ер азаматтар арасында арқан тарту мен гір көтеруден сайыстар өтіп, күш сынасқан азаматтар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл сайыстар мерекенің ажарын аша түсіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Осындай тағылымы мол, ұлттық рухты көтеретін шаралар – жас ұрпаққа өнеге, ел бірлігінің белгісі. Наурыз мерекесі – тек көктемнің ғана емес, жаңару мен жаңғырудың, татулық пен ізгіліктің нышаны екені тағы бір мәрте дәлелденді.










