Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада мереке күндері жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеді

Қызылордада мереке күндері жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеді

Жаңа жыл мерекесі кезеңінде Қызылорда облысында тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында барлық жедел және коммуналдық қызметтер тәулік бойы, күшейтілген режимде жұмыс істеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында сала басшылары жан-жақты ақпарат берді.

Баспасөз конференциясында спикерлер мереке күндері қызмет атқарған барлық қызмет өкілдеріне алғыс білдіріп, тұрғындарды өрт, су және мұздағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

«Облыс бойынша мереке күндері барлығы 75 жедел жәрдем тобы жұмыс істеді. Сонымен қатар, мереке күндері БМСК ұйымдарының жанынан 29 мобильдік топ қысқартылған режимде қызмет көрсетті. 2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылғы 4 қаңтар аралығында «103» желісіне 6700 шақыру түсіп, толық орындалды. Осы кезеңде 1896 науқас ауруханаға жеткізілді, оның 826-сы балалар. Травмпунктке 258 адам жеткізілді. Сондай-ақ тұрмыстық жарақат алған 213 тұрғынға жедел көмек көрсетілді. Қалыпты босануға 95 әйел жеткізіліп, үйде босану дерегі тіркелген жоқ. Айта кетерлігі, жаңа жыл түні Қызылорда облысында 54 сәби дүниеге келді. Оның 25-і ұл, 29-ы қыз бала», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Жаңыл Абубакирова.

Жаңа жыл мерекесі кезеңінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде қоғамдық тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.

«Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті де мереке күндері күшейтілген кезекшілік режиміне көшті. Осы уақыт аралығында департамент бөлімшелері 22 рет жедел шақыртуға шықты. Тіркелген төтенше жағдайлардың барлығы техногендік сипатта болды. Облыс бойынша орта есеппен 164 қызметкер, 45 техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақ жұмылдырылды. Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда төтенше жағдайлар тіркелген жоқ», - деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков.

Мереке күндері облыс әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» мекемесі 109 және 112 бірыңғай байланыс нөмірлері арқылы күшейтілген режимде жұмыс жүргізді.

«Барлық өтініштер дер кезінде қабылданып, жауапты органдарға жолданды. «112» желісіне барлығы 3583 хабарлама түсіп, оның 1615-і шұғыл сипатта болды. Ал «109» желісіне 1973 өтінім түсіп, оның 96,5 пайызы орындалды. Өтініштердің басым бөлігі электрмен жабдықтау, су, газ, жылу жүйесіне қатысты. Халықтың өтініштеріне уақытылы және сапалы жауап беру басты назарда болды», - деді орталық директоры Бағлан Терлікбаев.

05 қаңтар 2026 ж. 68 0