Көрікті ауылдың инфрақұрылымы жаңаруда
Республика бойынша көрікті ауыл, аудандағы үлгілі елді мекен Нағи Ілиясов ауылы жыл сайын дамып келеді. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жоба қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы қолға алынған көлемді жоба қатарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына 186,5 млн теңге қаржы бөлінген.Сонымен қатар электрмен жабдықтау, су жүйесі жұмыс жобасына да бөлінген қаржы көлемі 163,7 млн теңгені құрады.
– Ауылдың дамуына, одан әрі көркейіп, инфрақұрылымын жаңарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Мысалы, ауылды электрмен қамтамасыз етуге қаржы бөлінді. Бұл жобаның мемлекеттік сатып алудың хаттамалық қорытындысы нәтижесінде жеңімпазы болып «Бақ-Береке 2030» ЖШС танылды. Авторлық қадағалаушы – «Мекен және Компания» толық серіктестігі, техникалық қадағалаушы – «Экспертизочка» ЖШС. Бүгінде серіктестік тарапынан электр желісі құрылысы бойынша электр бағаналары орнатылып, нақты жұмыс атқарылды, – дейді ауылдық округ әкімі Сағдат Нұрмағанбетұлы.
Жаңа электр бағаналары алдағы уақытта ауылға электр қуатының үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп, көшені де жарықтандырып тұратын болады. Бүгінде ажары айшықты ауылдың берекесі тасып, ауыл халқы асфальтталған, жарықтары жарқырап тұрған көше бойында тұрады. Әрбір көшесі түзу, орталығы абаттанып, гүлденген ауылда жыл сайын жаңа нысандар бой көтеруде. Басты инвестор – «Мағжан және К» ЖШС тұрғындардың жағдайын жасап, егістен мол өнім алуда. Серіктестіктің арқасында ауылға өзге өңірлерден арнайы делегациялар келіп, тәжірибе алмасуға ықылас танытуда. Жыл сайын ауылға келуші туристердің де қатары артып, меймандар көрікті ауылдың дамуына оң бағасын беруде.
Ауыл халқының тәулік бойы таза ауызсу тұтынуына да қаржы қаралып, жаңа жоба іске аса бастады. Осы күні ауылға су желісі бойынша жаңа ауызсу құбыры жүргізіліп, 9 дана су көру құдығы мен 11 гидрант орнатылды. Бұл құрылысқа қажет қаржы көлемі 17,3 млн теңгені құрады. Сондықтан жобаны толық іске асыру үшін ауызсу желісін жаңғырту жұмысы келер жылға өтіп, 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Айту керек, биылғы жылы нағилықтар табиғи газға қосылып, қуаныштары еселене түсті. «Көгілдір отынның» келуімен ауылдың инфрақұрылым құрылысы да жанданып, алдағы уақытта қолға алынған жобалар жалғасатын болады. Бұл ізгі бастамалар жарқын болашаққа бет түзеген ауылдағы ағайынның берекелі тірлігі мен ауызбірлігінің арқасында жүзеге асуда.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ











