Жаяу жүргіншілерге жол салынып, көше абаттанды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында: «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда» деген болатын. Ауылды дамыту – мемлекет алдындағы маңызды міндет.Осы орайда жыл сайын ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша тиісті қаражат бөлініп, ең алдымен жол, жарық, газдандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Ауданда биылғы жылы көптеген жобалар атқарылып, оның игілігін ел-жұрт көруде. Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев кезекті есепті кездесулерінде атқарылған жұмысты баяндап, соның ішінде әрбір елді мекен бойынша жөнделген және жарықтанған көше туралы тұрғындарға есеп берді.
Нәтижелі жұмыстың арқасында аудан орталығында «Руханият орталығы» пайдалануға беріліп, онда бірқатар мекемелер аудан тұрғындарына қызмет етуде. Халық саны көп шоғырланған кентте бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Атап айтқанда, О.Әбілпаттаев, Д.Керейтбаев, Ғ.Мұратбаев, Ә.Тәжібаев көшелеріне жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ кент орталығынан үш бірдей балалар ойын алаңы салынды. Бұл кенттің кішкентай тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық болды. Балақайлар енді арнайы жабдықталған ойын алаңдарында ойнап, бір мезгіл таза ауада серуендеп, ширайтын болады.
Кентке жақын орналасқан С.Сейфуллин ауылында да Ә.Байназарұлы, М.Арықұлы, З.Әбілдаұлы атындағы көшелер күрделі жөндеуден өткізілсе, ауылдың жартығасырлық мерейтойына тарту ретінде ауылдағы орталық алаң абаттандырылды. Бұл ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен көркем тірлігінің арқасында жеткен жетістік. Сонымен қатар ауданда электр желілерін кезең-кезең бойынша жаңалау жұмысы жалғасып, биылғы жылы Қалжан ахун ауылында электр желілері қайта жаңғыртудан өтуде. А.Тоқмағамбетов ауылында да осындай жұмыстар атқарылып, биылғы жылдың өзінде екі бірдей балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Аудандағы үлкен ауыл – Шағанда тұрғындардың өмір сүру жағдайын қолайлы ету мақсатында атқарылған жұмыстың қатарында 8 көше күрделі жөндеуден өткізілгенін айту керек. Ауқымды жұмыстың қатарында өткен жылы ауылдың электр желілерін жабдықтау жұмыстары толық аяқталса, бүгінде 328 млн теңгеге елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл әлеуметтік нысан жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Шаған ауылы жақында табиғи газға қосылып, ауыл тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көре бастады.
– Биыл ауылдық округтер бойынша біршама жұмыс атқарылды. Соның ішінде Бесарық ауылында кіреберіс 2 шақырым жол түнгі жарықпен қамтылса, Қоғалыкөл ауылында Ә.Тілеулиев, М.Шоқай, С.Майқанова, Ы.Алтынсарин көшелері күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Шіркейлі елді мекенінде Ж.Нұрсейітов, Б.Жақыпов көшелері күрделі жөнделіп, шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Биыл Айдарлы ауылында да жаңадан ойын алаңы салынса, елді мекенді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақтам» каналы тазартылды. Жетікөл ауылында осы жылы К.Бимаханов, Абай, К.Тасыров көшелеріне, Аманкелді елді мекенінде Қызылту 1 және 2 көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді, – деді аудан басшысы.
Жыл аяқталуға жақын. Жоспарлы жұмыс табанды еңбектің арқасында нәтижесін беріп, ауылды көркейту, абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Одан бөлек ірі жобалар іске асып, тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысуына ден қойылды.
Бибісара ЖАНӘЛІ










