Бас дәрігердің пәрменімен эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша төсек орын ашылды
Соңғы уақытта Сыр өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыздық күйге ұшырауда. Оның ішінде, Сырдария ауданында бірнеше жұқпалы және инфекциялық дертке шалдыққан жандар қатары көбейген. Бұл ретте, ана мен бала денсаулығы көпшілікті алаңдатады. Осы күні сан түрлі инфекциялық дертпен ауырған жандар арасында ана мен бала көрсеткіші басым. Бүгіннен бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының арнайы бұйрығын негізге ала отырып, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаева эпидемиологиялық жағдайға байланысты кешенді іс-шараларды қолға алуды сала мамандарына тапсырды. Ең алдымен, бас дәрігердің пәрменімен аудандық ауруханаға қарасты «Жұқпалы аурулар» бөлімшесінің 18 төсек орнын 60-қа дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар емдеу мекемесін қажетті дәрі-дәрмекті жеткілікті деңгейде болуын қамтамасыз ету жоспарланған. Фильтр кабинетінің жұмысын жандандырып, барлық елді мекен бойынша көптеген жұқпалы дерттің алдын алуға қатысты жұмыс жүргізу керектігі сала мамандарына айтылды.
– Қазіргі уақытта тұмаудан бастап, бірнеше жұқпалы ауру өңірімізде өршуде. Осындай қиын уақытта медицина мамандары бірлесе жұмыс атқарады. Барлық науқасқа жағдай жасалып, дәрі-дәрмек жеткілікті деңгейде болады. Сала мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында жұмыс жүйелене түседі деп сенеміз. Біз үшін әрбір науқас, оның ішінде ана мен бала үйіне аман-есен оралғаны маңызды, – деді Жанар Жұмабаева.
Айта кетейік, барлық медициналық жұмыстың сапалы орындалуы бас дәрігердің тікелей бақылауында болады.







