Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық үш қыз “ғарышқа” 10 күнге барып келді

Қазақстандық үш қыз “ғарышқа” 10 күнге барып келді

Астанадағы “Қазақстан Ғарыш сапары” ұлттық компаниясының базасында “SANA” атты еліміздегі тұңғыш әйелдер экипажының қатысуымен өткен ғылыми эксперименттің қорытындысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл бастама инженерлік және техникалық мамандықтарды жастар арасында насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, ол әйелдердің ғарыш саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына тең дәрежеде үлес қоса алатынын нақты дәлелдеді.

Эксперимент барысында төрт зерттеушіден тұратын “SANA-1” экипажы 10 күн бойы ғарыш сапарына ұқсас жағдай жасалған арнайы оқшауланған модульде өмір сүрді. Олар когнитивтік, медициналық және командалық зерттеулер жүргізіп, ғарыш экспедицияларының нақты сценарийлерін моделдеді.

Бұл шараның 10 қазан күні өтуі де тегін емес. Дәл осы күні, 34 жыл бұрын тұңғыш қазақстандық ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарыш миссиясынан жерге оралған еді. Сондықтан эксперименттің қорытындысы тарихи символдық мәнге ие болды.

Эксперименттің ғылыми жетекшісі, PhD докторы Алина Гуторева өз сөзінде бұл жоба Қазақстандағы ғарыш психологиясы мен физиологиясын зерттеуде жаңа кезең бастағанын атап өтті.


Оқшаулау – адам төзімділігінің шегін сынайтын экстремалды жағдайлардың бірі. “SANA-1” жобасы әйелдердің эмоционалдық тұрақтылығын, когнитивтік икемін және стресске төзімділігін ғылыми тұрғыда зерттеуге бағытталды. Біздің қатысушылар жоғары кәсібилік пен ынтымақ көрсетті. Олар дәлелдеді – әйел экипаждары кез келген миссияны табысты атқара алады, - деді ол.

Алина Гуторева мәліметінше, эксперимент нәтижелері алдағы уақытта ғарышкерлерді даярлау бағдарламаларына енгізіледі. Зерттеу әйелдердің оқшау кеңістіктегі физиологиялық реакциялары мен психологиялық бейімделу ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді.

“Бастапқыда қиын болды, бірақ төртінші күні бәріміз бейімделдік”Эксперимент қатысушысы, инженер Әсем Қуандық үшін ең күрделі сынақ – шектеулі кеңістік пен терезесіз орта болған.
Біз 10 күн бойы сыртқы әлемді көрмедік. Күннің қашан шыққанын, қашан батқанын білмейсіз. Алғашқы үш күн қиын болды, бірақ кейін бәріміз режимге бейімделдік. Әр күніміз нақты жоспармен өтті – когнитивтік тесттер, физиологиялық өлшеулер, жаттығулар. Арнайы құрылғы арқылы ми қызметінің белсенділігі бақыланды. Тіпті микрожасыл өсіріп, топырақсыз гидрогель арқылы тәжірибе жүргіздік. Бұл да ғарыш жағдайларында азық өндірудің бір үлгісі, - деді ол.
Экипаж мүшесі, инженер Дарья Комарова модуль ішіндегі тәжірибелер туралы бөлісті.

Біз арнайы датчиктермен жабдықталған шағын Rover құрастырдық. Ол капсула ішіндегі ауа температурасы мен қысымды өлшеді. Сонымен қатар, біз бүкіл модульдің жылулық картасын жасап, климатты реттеуге көмектестік. Барлығымыз смарт-сағат тағып жүрдік — ол пульс, оттегі деңгейі мен ұйқы сапасын тіркеді. Демалыс уақытында гитарада ойнап, ән айтып, үстел ойындарын ойнадық. Бұл моральдық тұрақтылық үшін маңызды болды, - деді жас инженер.

Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров: “Сіздер – нағыз батыр қыздарсыздар!”

Салтанатты жиында сөз алған Тоқтар Әубәкіров әйелдер экипажының ерлігі мен төзімділігін жоғары бағалады.
Адам табиғатынан тұйық кеңістіктен қорқады. Ал сіздер өз еркілеріңізбен осындай ортада 10 күн болдыңыздар. Бұл – үлкен ерлік. Әйел ағзасы ерекше төзімді. Кейде тіпті физикалық жүктемелерге ерлерден де жақсы төтеп береді. Сондықтан әйелдерден басталған бұл эксперимент – өте орынды әрі болашағы зор бастама.

Ол сондай-ақ халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, аралас (әйел мен ерлерден құралған) экипаждардың ұзақ миссияларда тиімді жұмыс істейтінін атап өтті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрінің міндетін атқарушы Мәлік Олжабеков отандық ғарыш саласының дамуы мен болашақ ғаламаралық миссияларға дайындық тұрғысынан жүргізілген эксперименттің маңыздылығын атап өтті.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы зерттеулер жалғасады. Біз жаңа командалар дайындап, ғарыш саласын дамытуға күш саламыз. Болашақта сіздер де ұзақ мерзімді ғарыш миссияларына қатысуыңыз әбден мүмкін. Бүгінде әлемдік космонавтиканың басты бағыттарының бірі – Марсты зерттеу және Қызыл ғаламшарға ұшу миссияларына дайындық. Сондықтан осындай эксперименттердің өзектілігі ерекше. Біз бұл бағыттағы зерттеулерді жалғастырып, ғарыш саласының дамуына үлес қосуды мақсат етеміз, – деді Мәлік Олжабеков.

SANA-1 жобасы – Қазақстанда жүргізілген алғашқы әйелдер экипажының оқшаулау тәжірибесі. Ол еліміздің ғарыштық зерттеу әлеуетін арттырумен қатар, жаңа буын инженерлер мен ғалым қыздарға шабыт берді.

Ғарышкер Айдын Айымбетовтың бастамасымен Eurasian Space Ventures компаниясы жасаған жоғары технологиялық модульде өткен бұл эксперимент Қазақстанның ғарыш саласындағы ғылыми дербестігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фото: Артем Курсинов

10 қазан 2025 ж. 213 0