Сыр ұстаздары: еңбек елеусіз қалмайды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жаңбершиева «Парасат» орденімен марапатталса, ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесіне еңбек сіңірген ардагер ұстаз Күміскүл Серекеева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды. Бүгін қос ұстаз Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қонақ болып, қуанышымен бөлісті.
- Біз үшін мереке қарсаңында Президенттің қолынан мемлекеттік награда алған күн бір ерекше көңіл күй, ерекше сезім сыйлаған күн болды. Марапат алар сәтте бойымызда толқу сезімі басым болды, сонымен қатар «Біз осы марапатқа лайықпыз ба?» деген сұрақтар туды. Жалпы, менің педагогикалық еңбек өтіліме 50 жыл уақыт болды. Алғашқы қызметімді Ғ.Мұратбаев атындағы 171 орта мектебінде білім теңізінде кеме болып бастадым. Кейін ғылымға бет бұрып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қарапайым ассистент болып жұмысқа орналастым. Осылайша, ізденіс пен еңбектің арқасында аға оқытушы, доцент, кейін профессорлыққа ұмтылдым. Қазіргі менің ғылыми бағытым – Сыр өңірінің ақын-жырауларының шығармаларын зерттеу. Осы төңіректе жүрген кезде тек әдеби зерттеу, ғылыми еңбек жазып ғана қойған жоқпын, ЖОО арналған оқулықтар, әдістемелік оқу құралдары мен ғылыми мақалалар жаздым. Қазіргі күнде 200-ден аса ғылыми мақала, 6 монография, 8 әдістемелік оқу құралының авторымен. Әлі де жас ұрпақ үшін қажетті дүниелер қалдырғым келеді,- деді Ұлжан Нахатқызы.
- Мен өзімнің саналы ғұмырымды ұстаздық қызметке арнап келемін. Осы мамандықты сүйіп таңдап, қиындығы мен қызығын қатар көріп келе жатқаныма 40 жыл уақыт болды. Оқушының жүрегіне жол тауып, оны үлкен өмірге дайындау ұстаздың басты міндеті деп білемін. Мұғалім болып оқушыны олимпиадаға, түрлі ғылыми жобаларға дайындау, белгілі бір нәтижеге бірге ұмтылу бөлек мәртебе. Бір жылдары БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы арқылы грант жеңіп алып, берілген қаржыға мектеп жанынан жылыжай аштық. Сол жылыжай біздің жасыл зертханамыз болды. Сол жерде тек биологтар ғана емес, географтар мен физиктер де өз салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жасады. Бүгінде сол лаборатория әлі де өз жұмысын жасауда. Еңбек ешқашан еленбей қалмайды екен. Мемлекет басшысының қолынан марапат алған кезде сондай бір керемет сезімде болдық. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Біз ұстаздарды құрметтеуіміз керек. Ұстаз – біздің еліміздің болашағын тәрбиелейді. Еліміздің болашағы мықты, білімді, тәрбиелі болса, онда біз мықты елдердің қатарында боламыз» деді. Осы арқылы біз Президентіміздің ұстазға деген құрметін сезіндік,- деді Күміскүл Дүйсенқызы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі