Қазақстан мен Сауд Арабиясы инвестициялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруда
ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Сауд Арабиясы делегациясының өкілдері және Қазақстан – Сауд бизнес кеңесінің тең төрағасы Ахмед Әли Әл-Дахильмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ.Тараптар энергетика, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика және жоғары технологиялар сияқты басым секторлардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе Қазақстан – Сауд бизнес кеңесінің екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей диалог алаңы ретіндегі рөлі атап өтілді.
Ғ.Оспанқұлов Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара сенімге негізделген стратегиялық серіктестігі нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінге дейін Сауд Арабиясының Қазақстанға құйған инвестиция көлемі 110 млн АҚШ долларынан асты.
Біз серіктестеріміздің белсенділігін жоғары бағалаймыз және жаңа бірлескен жобалар елдерімізге айтарлықтай пайда әкелетініне сенімдіміз, – деді ол.
Өз кезегінде Ахмед Әли Әл-Дахиль Сауд Арабиясы Қазақстанды Орталық Азиядағы перспективалы әріптес ретінде қарастыратынын атап өтіп, инвесторларды тартуға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытып, белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.








