«Қазақстан республикасының Конституциясына 30 жыл» медалі табысталды

«Биыл Ата Заңымыздың 30 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Облыстық комиссияның шешімімен мерейтойлық медальмен марапаттауға ел ағалары, мемлекеттік қызметшілер ұсынылып, қолдау тапты.
Баршаңыз Мемлекет басшымыздың «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтап, мемлекетіміздің даму жолында адал қызмет жасап келесіздер. Тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне кезінде ел үшін қызмет атқарған ардагерлеріміз орасан зор еңбек сіңірді. Бақберген Сәрсенұлы мен Мұрат Бақтиярұлы Парламент Сенатының екі шақырылымында депутат болған кезеңде Конституцияның сақталуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған заңдардың қабылдануына үлес қосты. Біз ағаларымыздың еңбегін мақтанышпен айтамыз, құрметпен қараймыз.
Конституциямыздың үстемдігін қамтамасыз ету, еліміздің Тәуелсіздігін нығайту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау әрі дамыту жолында еңбек еткен ел ағалары мен азаматтар марапат төрінен көрінуде.
Марапаттарыңыз құтты болсын! Бұл барлығымыздың бірлесіп атқарған жұмысымыздың лайықты бағасы деп білемін», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, мерекеге орай құттықтауын жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі