Шиелі ауданында жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмысын бастады

Аймақ басшысы жаңа нысанның аудан жұртшылығына сапалы медициналық көмек көрсетудегі жетекші бөлімшеге айналуына тілектестігін білдірді.
«Баршаңызды еліміз үшін айтулы мереке алдағы Конституция күнімен құттықтаймын!
Соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 441 млрд. 700 млн. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.
Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Оның 8-і Шиелі ауданында.
Саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылған. Біз «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бағыттады. Бұл қаржыға сирек кездесетін дертке шалдыққан жерлестерімізге қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады. Кешен бүгінде шалғай елді мекендердегі тұрғындарға үздіксіз қызмет етеді.
Пайдаланылмай бос тұрған ғимараттарды қайта жаңғыртып, денсаулық сақтау саласының қажеттілігіне тиімді пайдалануға бағытталған жұмыс қарқынды жүргізілуде. Былтыр Жаңақорған ауданында бос тұрған бұрынғы аудандық аурухана ғимараты қайта жаңғыртылып, «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылды. Бұған жергілікті бюджеттен 378 млн. теңге жұмсалды. Күні кеше дәл осындай орталық Арал ауданында да жұмысын бастады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 338 млн. 800 мың теңге бөлініп, ғимарат қайта жаңғыртылды. Қор қажетті заманауи құрал-жабдықтарға 350 млн. теңге бөлді. Орталықта жылына 600-ге жуық баланы оңалтуға мүмкіндік бар.
Осындай игі істің жалғасы ретінде құны 2 млрд. 323 млн. теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашуға бас қостық.
Қазір аудандық аурухана жанынан 733 млн. теңгеге қосымша ғимарат салынып, онда 650 млн. теңгенің жаңа МРТ аппараты орнатылуда.
Шиелі кентіндегі «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысандар тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдау, медицина саласындағы ең маңызды мәселелерді шешу жалғасын таба бермек», - деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде Наурызбай Байқадамов, Мұрат Ергешбаев, Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен құрылысшылар аймақтың Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Денсаулық сақтау саласының ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Ыбырай Ахметов бата берді.
Жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы аудандық аурухананың қосымша ғимаратына, күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясына барды. Аудандық аурухананың 2 қабатты ғимаратының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталып, биыл шілдеде пайдалануға берілді. Ал амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары 3 ай жүргізілді.
Еске салайық, облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жыл басында Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға арналған аурухана пайдалануға берілді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Қызылорда қаласының Баймұрат батыр елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Досан елді мекенінде медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Осылайша ауылдардағы медициналық- санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары ғимараттарын нормативке сәйкес етіп салу мәселесі толығымен шешілді.
Қайтарылған активтер есебінен 7 млрд. теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салынуда.
Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды.
Өткен жылдан бері 17 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, 44 ғимараттың жылу жүйесі газға ауыстырылды. Биыл да медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Бұл жұмыстың жыл сайын жүргізілгенінің арқасында жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артты.
Жергілікті бюджеттен 225 жаңа санитарлық автокөлік бір мезетте алынып, елді мекендердегі барлық денсаулық сақтау ұйымына табысталды. Осылайша санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі