Премьер-министрдің орынбасары «Мағжан және К» шаруа қожалығының жұмысымен танысты

Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің 2025 жылдың вегетацияаралық кезеңінің жұмыс режиміне сәйкес, биылғы 1 сәуірге дейін осы қоймаларға 6,7 млрд. текше метр су жинау жоспарланған. (Шардара - 5,2 млрд., Көксарай - 1,5 млрд.) Алайда небәрі 5,9 млрд. текше метр су, яғни жоспарланған көлемнен 737 млн. текше метр кем жиналды.
Шілденің 30-ы күнгі мәлімет бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан түскен су көлемі секундына 158,1 текше метр, қоймадағы нақты су көлемі 571 млн. текше метр. Бұл жоспардағыдан 1 529 млн. текше метрге кем. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысында қоймада 2 268 млн. текше метр болады деп белгіленген.
Су тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдайға тұрақты мониторинг және түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барлық ауданда арнайы жұмысшы топтары құрылды.
Қазіргі таңда, барлық каналдан су алу кестесі бекітіліп, су кезекпен берілуде. Қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бағытында облыста 324 насос қондырғысы іске қосылған.
Сондай-ақ, 5 магистральді және 3 шаруашылықаралық канал арқылы кезектестіріп су беру кестесінің жоспары әзірленіп, соған сәйкес су жұмыс атқарылуда. Жалпы егілген егістің 98%-ы кезекпен суарылуда.
Күріштің өсу фазасына сәйкес толық пісіп-жетілу уақыты 115-125 тәулік.
Жедел ақпаратқа қарағанда, егілген күріштің 8,8 мың гектары түтікке шығу, 37,1 мың гектары масақтану, 30,3 мың гектары гүлдеу, 4,7 мың гектары сүтті пісу фазасында.
Премьер-министрдің орынбасары вегетациялық кезеңнің күрделі жағдайда өтуіне байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Бүгін Өзбекстан тарапы 200 текше метр, Қырғызстаннан 150 текше метр, шамамен 300 текше метрден астам су 15 тамызға дейін жіберілетін болып шешім қабылданды. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде алдағы уақытта су көлемі жеткілікті болады деп күтілуде», - деді Қ.Бозымбаев.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі