Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалағаштағы жүйелі жұмыстар жалғасуда

Жалағаштағы жүйелі жұмыстар жалғасуда

Жалағаш ауданында елді мекендерді абаттандыру, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірлік БАҚ өкілдері ауданға ұйымдастырылған баспасөз туры барысында ондағы бірқатар жұмыстармен танысып, елді мекендерде іске асырылып жатқан жобаларға куә болды.

– Биыл Жалағаш кентінде 11 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың жалпы ұзындығы 10 км болса, жоба құны 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда ауданымыздың орталығында 90 пайызға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып тұр. Қалған біршама тұйықтар келер жылы өз шешімін табатын болады. Аудан орталығы 100 пайыз көгілдір отынмен және ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда Дәуімбай елді мекені бойынша электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары бастау алып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, демеушілер есебінен кенттің орталығы мен Дәуімбай елді мекеніне балалар ойын алаңы салынатын болады,- деді Жалағаш кентінің әкімі Мардан Жамалатов.

Сондай-ақ, Аққыр ауылында да абаттандыру мен инфрақұрылымдар жаңарып, бірқатар жұмыстар іске асуда. Мұнда «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 175 млн теңгеге спорт кешені салынып, құрылысы аяқталған.

– Аққыр ауылдық округінде биыл бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Ауыл кіреберісіндегі жасыл белдеу қоршалып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кіреберіс пен орталық көшеге бейнебақылау камералары орнатылды. 2025 жылы ауылдың 5 көшесіне күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда Аққыр және Н.Таспенов көшелері асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қалған көшелерде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, спорттық жаттығу алаңы салынуда. Бұдан бөлек, 100 орындық ауылдық клуб пен «Аққыр» каналына су шаруашылығы жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, тиісті басқармаларға ұсынылды,- деді Аққыр ауылының әкімі Бауыржан Шынжыров.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

20 шілде 2025 ж. 67 0