18 мамыр – ЖИТС-тен (СПИД) қайтыс болғандарды еске алу күні

ЖИТС ауруынан қайтыс болғандарды еске алу күні 1983 жылы алғаш рет Сан-Францискода өткізілген. Қазіргі таңда бұл күнді атап өту жер шарында дәстүрге айналып отыр. Бұл күнді атап өтудің негізгі мақсаты - АИТВ ауруына шалдыққан адамдардың қасында өмір сүріп жүрген адамдарға бұл жағдайдың әрқайсысының басынан өтуі мүмкін екендігіне ойлануға, сонымен қатар осы аурудың қармағында кеткен адамдарды еске алуға, АИТВ-инфекциясымен өмір сүріп жатқан достарымыз бен жақын адамдарымызға қолдау көрсетуге, азаматтық қоғамдағы және үкімет басындағылардың назарын АИТВ эпидемиясына баса назар аударуына, індеттің алдын алу, сақтану шараларын, жұғу жолдарын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Ақпараттық науқанды өткізудің маңыздылығы – жастар мен жасөспірімдердің бойында АИТВ жұқтырған адамға деген аяушылық көзқарасты емес қолдау мен түсіне білу сезімін ояту және АИТВ жұқтыруға кедергі келтіретін мінез-құлық стереотипін қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, тек сақтанғанда ғана өздерін осы инфекциядан сақтай алатынын тағы бір естеріне салу.
Қазіргі таңда жер бетінде 60 млн. адам АИТВ- инфекциясын жұқтырған.
Бұл күнде АИТВ проблемасына байланысты түрлі іс-шаралар,теле және радиобағдарламалар, қайырымдылық концерттер мен акциялар, суретшілер көрмесі т.б көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл күні адамдар кеуделеріне қызыл лента тағып шығады. Қызыл лента ВИЧ пен өмір сүретін адамдарды қолдау, сыйластық пен дұрыс көзқарасты қалыптастыру, ЖИТС ауруынан қайтыс болғандарды есте сақтау, ұлт пен ұлысты, жас пен жынысты таңдамайтын індеттің жақын арада емі табылады және ауруды жеңеміз деген үміт символы болып табылады.
Қорыта келе АИТВ шекарасы жоқ инфекция және әрбір адам өз денсаулығына және жанұясына жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
А.ОРАЗБАЕВА,
Сырдария ауданындағы
психоәлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері
Фото: Н.Нұржаубай