Өңірлік кадр резервшілері конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке орналасуда

Жалпы жобаның негізгі мақсаты жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру арқылы өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту болып табылады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.
Қызылорда облысының өңірлік кадр резервінің барлық кезеңдерінен сүрінбей өткен 37 үміткер Өңірлік кадр комиссиясының алдында өздері таңдаған бағыт бойынша жобаларын қорғады. Нәтижесінде, 25 үміткер өңірлік кадр резервіне қабылданды.
Өңірлік резервке қабылданған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Бүгінгі таңда, осы мүмкіндікті пайдаланған 7 резервші ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің келісімімен мемлекеттік қызметте ілгерілеу жолына түсті.
Атап айтқанда, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының инвестиция тарту және сыртқы байланыс бөлімінің бас маманы Мөлдір Қайратқызы Мұратова облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының инвестиция тарту және сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы, Сырдария ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы Ердос Сарсенбекұлы Беркінбаев Сырдария ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ережеп Есенкелдіұлы Есенкелді Сырдария ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қармақшы аудандық отбасын қолдау орталығының маманы Серікболсын Бекболатұлы Маденов Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы, Ұлытау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы Ержігіт Бақытбекұлы Бақытбеков Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жер учаскелерін беру және алып қою ұсыныстарын дайындау бөлімінің бас маманы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің бас маманы Әлібек Серікұлы Алмағанбетов Қызылорда облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің бас инспекторы лауазымына тағайындалды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сәуір айында өңірлік кадр резервіне дейін Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқарған Нұржан Раисұлы Амандық Жалағаш ауданы әкімі аппаратының ұсынысы негізінде, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің келісімімен Жалағаш ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурс өткізілместен тағайындалды. Резервшілерге жаңа қызметтеріне табыс тілеп, елге адал қызмет етеді деп сенеміз.
Абтикерова Мақпал Төлегенқызы,
ҚР Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша
департаментінің бас маманы
Фото: Н.Нұржаубай