Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Астана талантты жастарды серіктестікке шақырады

Астана талантты жастарды серіктестікке шақырады


Астана қаласында ашылған TSE галереясында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевпен қазіргі заманғы өнер өкілдерінің еркін форматтағы кездесуі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жалпы TSE галереясында қазіргі таңда суретшілер Ғалым Маданов пен Зәуреш Терекбайдың «CoolAge» атты көрмесі алғаш рет елордамызда ашылып отыр. Кездесу басталмас бұрын Ермек Аманшаев суретшілердің еңбектерімен танысып шықты.
Еркін пікір алмасу форматындағы кешке жас суретшілер, композиторлар, арт-менеджерлер, жазушылар, сценаристер, продюсерлер, дизайнерлер мен басқа да шығармашыл жастар келді.
«Мен сіздермен еркін түрде пікір алмасуға келдім. Сіздерден сұрақ, менен жауап форматы керек емес. Сондықтан сіздер идеяларыңызды, ойларыңызды, ұсыныстарыңызды айтыңыздар, еркін әңгімелесу болсын. Сіздердей шығармашыл жастармен кездескенде жақсы идеялар туындап, оны жүзеге асыруға болады. Мысалға айтайын, «Жаужүрек мың бала», «Сказ о розовом зайце» фильмдері осындай отырыстан бастау алған», - деді Ермек Аманшаев.
Жалпы кездесудің мақсаты Астана қаласының одан әрі дамуына, өркендеуіне, қаланың безендірілуіне, ғимараттарға ерекше әр беруге, тұрғындар мен қонақтардың өмір сүруіне жайлы және барынша жарқын етугежаңашыл, идеясы ерек жастардың ойлары мен ұсыныстарын тыңдап, бірлесіп жұмыс жасау.
Кездесу барысында сөз алған жастар идеялары мен ойларын ортаға салды. Сондай идеяның бірі, «Астана қандай суық болса, адамдары да сондай суық» деген стереотипті жою мақсатында қала театрлары мен кинотеатрларында т.б салаларында адамдардың бір-бірімен танысуына, араласуына мүмкіндік беретін жоба. Онда сеансқа келген көрермендерге мысалы, «кино аяқталғанша екі адаммен таныс, үш адамды құшақта» деген сияқты жеңіл тапсырмалар беру арқылы танысуға, араласуға жетелеу.
Тағы бір ой «Қала архитектурасы» деген мобильді қосымша. Мақсаты – қаладағы кез келген ғимараттың, көпірдің, ескерткіштің тағы басқа нысандардың қай жылы салынғаны, кім салғаны, қандай стильде, қандай материалдан дегендей сол нысан туралы толық ақпарат беретін мобильді қосымша.
Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары жиналғандарға бірнеше жобаны жүзеге асыру жолдарын бірге қарастырайық деген ұсыныс айтты.

16 маусым 2018 ж. 607 0