Жан азығы

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 филиал кітапханасы мен аудандық мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастырған «Адал адам» мәдени тәрбие орталығы тұжырымдамасының «ӘлемBOOK» бұрышы аясында өткен іс-шараға №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 7-сынып оқушылары мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушылары, сондай-ақ кеш қонақтары арнайы қатысты.
– Көпшіліктің назарын оқуға, кітапқа аудару, оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, ақыл-ойын, тілін дамыту мақсатында мектеп оқушыларымен кітап фестивалін ұйымдастырдық. Іс-шараның мақсаты – кітапты сүюге, ғибрат сөздерден үлгі-өнеге алуға, кітапты құрметтеуге баулу. Оқушыларды әдебиетке жақын болуға, кітап оқуға үндеу, адам өмірінде кітаптың алар орны ерекше екенін түсіндіру, сонымен қатар «Кітап – білім бұлағы, ал білім — өмір шырағы» деген нақыл сөздің өмірден алар орнын бағындырар белестерін оқырман бойына сіңіру. Кітап – нәзік те, тұнық әлем. «Әлем кітап беттеріне жазылу үшін жаратылған» деп ғұламалар айтқандай, адамзат тарихының өзі – кітап. Кітап құндылығын, адам жанының азығы екендігін естен шығармау қажет. Кітап – алтын қазына, білім бұлағы, жан азығы, – деді №1 филиал кітапханасының кітапханашысы Ләззат Серікбаева.
Фестиваль барысында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Малика Есентұрова «Кітаптың шығу тарихы» тақырыбында баяндама жасап, қызықты ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар оқушылар кітап туралы өлеңдер оқыды. №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Жанел Серікбай ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін жатқа оқып, қатарластарына үлгі болды. Оқушылардың ой-өрісін кеңейту мақсатында «Жалғасын тап» атты ойын ойнатылып, кітап туралы мақал-мәтелдердің жалғасын табу және кітап туралы жұмбақтар жасырылды. Және жазушы Танаш Дәуренбековтің «Кітаптар мұңы» шығармасынан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 7 сынып оқушылары қойылым қойды. Кітап және кітапхана туралы викториналық сұрақтар беріліп, оқырман тұщымды жауап берді. Фестиваль «Кітапты оқы, зердеңе тоқы», «Сериялық басылымдар», «Жаңа кітап – жан азығы», «Ертегілер еліне саяхат» атты кітап көрмесімен таныстыруымен жалғасып, әдебиеттерге шолу жасалды. Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гауһар Сәрсенбаева сөз алып, «Ұлттық кітап күнімен» құттықтады.
– Кітап – жанның азығы. Ол – айырылмас, ажырамас дос. Бүгінгі «Ұлттық кітап күні» құтты болсын, достар. Аудандық кітапханаға келіп, кітап оқып, достарыңды бірге ертіп келіп, кітаппен дос болсаңдар, болашақтарың жарқын болады, – деді Г.Сәрсенбаева. Фестиваль соңы әдемі әуенмен, оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«Тт» ақпарат