Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғи газ – татымды тіршілік кепілі

Табиғи газ – татымды тіршілік кепілі

Табиғи газ бір жағынан тұрғындар тұрмысын жеңілдетсе, екінші жағынан экологияға оңтайлы әсер етпек. Себебі түтін ауаны қаншалықты ластайтыны белгілі. Ауданда кенттен бөлек бірнеше ауыл «көгілдір отынның» игілігін көруде.

Өңірлерді газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Ел Президентінің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы тапсырмасы бойынша 2024 жылы 1 700 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам тұрғын «көгілдір отынға» қол жеткізді. Осы орайда 2025 жылы 7 елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру жоспарлануда. Елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ласта­нуын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Жыл басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елді мекендерді газдандыру мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізіп, тиісті сала мамандарына тапсырма берген болатын.

Осы орайда аудандық газет редакциясы аудандағы газ шаруашылығы мекемесімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Ондағы мақсат – тұрғындарды тиісті хабармен ақпараттандырып, қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескерту. Кеше редакцияға Сырдария аудандық газ шаруашылығының директоры Бекнұр Ысқақов арнайы келіп, сала жаңалықтарын тілге тиек етті.

Газдандыру жұмыстары аудан көле­мінде қарқын алып келеді. Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыс­тарына ерекше мән берілуде. Ең алдымен кент орталығы бірнеше жыл бұрын газға қосылса, одан кейін аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен Қалжан ахун ауылы табиғи газдың игілігін көре бастады. Бүгінде аталған елді мекен жүз па­йыз табиғи газға қосылған. Былтыр ғана 1 млрд теңгеге Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағамбетов ауылдары газдандырылып, аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі 65,4 пайызға жетті. Бүгінде құны 3,3 млрд теңгені құрайтын Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Нақтырақ айт­сақ, Н.Ілиясов ауылдық окру­гі бойынша тиісті жұмыстар толық аяқталып тұр. Сәтін салса, жақында аталған ауылдық округтер «көгілдір отынға» толықтай қосылып, тұрмысы жеңілдейтін болады. Қалған ауылдардың жобалары демеушілер есебінен дайын­далуда. Атап айтар болсақ, Ақжарма, Шіркейлі, Іңкәрдария, Қоғалыкөл ауылдарын газдандыру жобалары кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асатын болады. Бұл орайда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы 2028 жылға дейін ауданды толық газдандыру басты жоспар болып отыр.

– Газдандыру – жалпы ел үшін стратегиялық маңызды жоба. Ауданда газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Атқары­лып жатқан жұ­мыс­тар аудан әкімінің тікелей бақы­­лауында. Сала мамандары тиісін­ше са­па­лы жұмыстар жүр­­гізуде. Атап айтар болсақ, жақында ғана келу­шілерге есігін ашқан «Руханият» орталығы, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерге де газдандыру жұмыстары сапалы жүргізілген. «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облысты көгілдір отынмен қамту жұмыстарымен айналысады. Негізгі мақсаты – халыққа сапалы және қауіпсіз газды жеткізуді ұйымдастырып, ақау болған жерлерді жөндеу болып табылады. Мысалы, бір көше бойында су құбырлары ауыстырылып жатқанда газ құбырларына зақым келуі мүмкін. Сол кезде біздің мамандар оны қалпына келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Газ берілгенде ең бастысы – қауіпсіздік. «Көгілдір отын» берілгенде заңдылыққа сәйкес тиісті құжаттар рәсімделеді. Ең бас­тысы, техникалық шарт алуы міндетті, – дейді Сырдария аудандық газ шаруа­шылығының директоры Бекнұр Ысқақов.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 сәуір 2025 ж. 211 0