Серпінді жобаның жемісі

Расында, шалғай елді мекендерде денсаулығы сыр беген жергілікті халық дәрігер көмегіне жүгіну үшін маманды үйіне шақыратыны мәлім. Осындайда санитарлық автокөліктің атқаратын қызметі зор. Осыған дейін облыс аумағындағы барлық ауданда санитарлық автокөлік кезең-кезеңімен жаңаланған болатын. Сырдария ауданына 15 автокөлік беріліп, тозығы жеткеннің орнына ауыстырылды. Бүгінде медицина мамандары жаңа санитарлық автокөлік арқылы алысты жақын етуде.
– Соңғы жылдары өңірімізде денсаулық сақтау саласы бойынша айшықты, ауыз толтырып айтатын қаншама жоба іске асты. Серпінге толы істерімен алдыңғы орыннан көрінуге ұмтылыс жасай білген Сырдария аудандық ауруханасына 15 санитарлық автокөлік берілуі – қуанарлық жағдай. Біз қашан да халықтың сұранысына сай жұмыс істей береміз. Анығын айтқанда, біз санитарлық автокөлікті ауданға қарасты кейбір емдеу мекемелеріне үйлестіріп бердік. Бұл ретте медицина мамандары мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды сезінуде. Осындай игі бастамаға барынша ықпал еткен аймақ басшысына, денсаулық сақтау басқармасының ұжымына алғыс айтамыз, – деді Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.
Сыр өңіріндегі емдеу мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел-жәрдем мәселесі толық шешілді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ