Ұлттық құрылтай – ұсыныс алаңы

Осы ретте біз осы күнге дейінгі Ұлттық құрылтайларда қандай маңызды мәселелер көтерілгеніне жекелей шолу жасап өтуді жөн санадық. Ойлы оқырманмен бірге сараптап, алқалы жиында айтылған уәждерді қайта еске түсіруді құп көрдік. Газетіміздің өткен нөмерінде Ұлытауда өткен ұлт жиыны туралы сөз қозғасақ, бүгін Түркі халқының астанасы – рухани астанаға айналған Түркістанда өткен екінші құрылтай туралы сөз қозғамақпыз.
Қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мен енгізуді негізгі міндет ететін Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы 2023 жылы Түркістан қаласында өтті.
Аталған жиын қазіргі таңда кеңінен қолдау тауып, қолданысқа ие болған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбын арқау етті. Мемлекет басшысы алғашқы құрылтайдан бергі бір жыл уақытта елімізде конституциялық реформа жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ аталған өзгерістер ел тұғырын бекітіп, ұзақ мерзімге жасалған демократиялық бағдарды айқындап бергенін атап өтті. Жиынды Мемлекеттік кеңесші, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин ашып, жүргізіп отырды. Құрылтай мүшелері атынан Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды сөз сөйлеген.
2023 жылы елде аса ауыр жағдай орын алып, Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтар қаза тапқан болатын. Мемлекет басшысы сөз басын осы мәселеден бастап «Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет» деп атап өтті. Бұл ел Президентінің елдегі қай мәселеге болса да бей-жай қарамайтынын анық аңғартты.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз?», «Ұлтымыз нені армандайды?». «Қазақстан азаматы қандай болуы керек?», «Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтарға толықтай жауап беріп, осы төңіректегі мәселелерді сөз етті. Атап айтар болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің ахуалын жақсарту үшін саяси реформаларды жаңғыртып қана қоймай, ең алдымен ел азаматтарының ойын, пиғылын, сана-сезімін жаңғырту маңызды екенін айтты. «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды «Адал азамат» деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деген Президент атқарылуы тиіс жұмыстың нақты бағыттарын атап өтті. Ол сегіз бағыт бойынша мәселені жік-жікке бөліп айшықтап берді.

Ең бірінші мәселе мемлекеттік нышандарды жетілдірумен байланысты болды. Онда ұлттық бренд танымалдығын арттыру, бірегей ұлттық қодты нақты әрі айқын көрсету қажеттігі айтылды. Сондай-ақ халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін мемлекеттік сыйлықтарға таңып, еңбегі елеулі жандардың мәртебесін көтеру қажеттігі айтылды.
Екінші мәселе бойынша ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың маңыздылығы туралы сөз қозғалды. «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі» деген Мемлекет басшысы Қазақстан тарихының көптомдық жинағын әзірлеуді, Алматыдағы Археология институтын жаңғыртуды, төл тарихта ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырды. Және ономастика саласына ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берді. «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн» деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, бүгінгі таңда жер-су атауларын үйлестіру бағыты бойынша бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып, бір жүйеге келтірілуде.
Үшіншіден мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу қажеттігі айтылды. «Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі» деп атап өтті.
Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесі мен ұлт қауіпсіздігіне ұдайы мән беріп келеді. Осы ретте төртінші тақырыпшаны өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арнаған екен. Онда адал азаматқа тән қасиеттің әрбір жастың бойынан табылуы қажеттігін айтып өткен. «Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар» деген Президент отбасылық зорлық-зомбылықтың қоғамда келеңсіз, өзекті мәселе екенін, ата-ана да, мектеп те саналы ұрпақ өсіруге аса мән беру қажеттігін атап өтті. Ұлттық тәрбие Отанға деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Отаншылдық – шынайы патриоттық сезім. Кішкентай ғана аулаңды таза ұстаумен басталатын қоғамға деген сүйіспеншілік үлкен ұлы істерге жетелейді.
«Ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту» деп бесінші тақырыпқа ойысқан Мемлекет басшысы масс-медиа саласы туралы да айтып өтті. Расында заман ағымына қарай қолданысқа енген «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген сөздің жаны бар. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы идеология жұмыстарын барынша жаңғыртуды, оның басым бағыттарын айтып өтті.
«Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуі тиіс» деді Мемлекет басшысы келесі тақырыпшаға көшіп. «Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында».
Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Бұл – Түркістан қаласында өткен екінші Ұлттық құрылтайда көтерілген кезекті мәселе. «Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді» деген Мемлекет басшысы бұл тұста өзекті мәселелер бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ тіл мәселесіне тоқталып, маңызды тапсырмалар жүктеді.
Ең соңғы тақырып мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты болды. Президент халық арасында айтылып жүрген сын-пікірлердің басым көпшілігінің орынды екенін, осы ретте мемлекеттік аппарат өкілдерін халық өзі таңдайтынын, олардың сана-сезімін өзгертуге баса мән беру қажеттігін айтып өтті. Осы тұста «Адал адам» тұжырымының мәні айқындала түсті.
Осындай ауқымды мәселелер көтерілген екінші Ұлттық құрылтай отырысында алдағы жоспарлар нақтыланды. Одан бері құрылтайда сөз етілген мәселелердің бірқатары жүзеге асып үлгерді, бірқатары орындалу үстінде. Мемлекет басшысы ел-халықтың жағдайын қай тұстан болса да лайықты бағамдап, талқылап, ұтымды ұсыныс пен нақты пікірді ортаға салып отырады. Президент үшінші Ұлттық Құрылтайды Атырау облысында өткізуді ұсынып, сөзін қорытындылады. Ал еліміздің батыс өңірі Атырауда өткен жиында қандай келелі мәселелер қозғалып, нендей жұмыстар сараланғаны туралы журналистердің арнайы талдауын газетіміздің келесі нөмерінен жіберіп алмаңыз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден