Жемқорлықсыз болашақ әрбір азаматтың үлесі

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тәмсіл бар. Қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген ел халқы өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемелекеттердің қатарына жетуді көздеп отырғаны мәлім. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің биік көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл індет адамзат баласына жат қасиет. Кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдеті әлі де болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Яғни, бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.
Бүгінде Сырдария аудандық мәдениет үйінде сыбайлас-жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде жыл сайын іс-шаралар жоспары бекітіліп, түрлі мәдени көпшілік шаралар атқарылып келеді. Бүгінде мәдениет үйінде танымдық, тағылымы мол іс-шаралар жүзеге асуда. Сала мамандары жемқорлық факторларына жол бермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп келеді. Арнайы кешенді іс-шара жоспары аясында өткен жылы 4 дөңгелек үстел, 1 ішкі талдау, 3 түсіндірме жұмысы, 2 сала мамандарымен еркін әңгімелесу жүргізілді және аудандық газетке мақала жарияланған болатын. Әлеуметтік бірнеше ақпараттық видео жүктелді. Ағымдағы жылы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, мектеп оқушылары арасында «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты аудандық байқау өтті. Алдағы уақытта сыбайлас-жемқорлық факторларын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс жалғасын табады.
Нұрхан КӨШЕРБАЕВ,
«Сырдария аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік
коммуналдық қазыналық кәсіпорын директоры