Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтар бір жылда 2,5 тонна алтын сатып алған

Қазақстандықтар бір жылда 2,5 тонна алтын сатып алған

Әлемдегі ең танымал металл саналатын алтын қай кезде де құнды. Мыңдаған жылдан бері адамзат тарихында материалдық байлықтың өлшемі болып келетін алтын қаржылық тұрғыдан да аса бағалы. Әйтсе де алтыннан да қымбат минералдар мен металдар бар. Бірақ көз жауын алатын, байлық пен дәулеттің белгісі саналатын алтынның бағасы жоғары екені рас.

Тат баспайтын металл алтынды иеленуге адамдар құштар болады. Сондықтан құйма алтын алушылар саны да жыл сайын арта түсуде. Мәселен, Ұлттық банктің мәліметінше 2024 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктерге және банктік емес жекелеген айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 1,7 тонна 47 395 өлшемелі құйма сатқан.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлауынша, өткен жылы құймалар көп сатылған өңірлер қатарында бірінші орында Алматы шаһары тұр. Алматылықтар 32 735 дана құйма сатып алып, сатып алушылардың 69 пайызын құраса, екінші орын шымкенттіктер үлесінде. Олардың үлесінде 5200 дана құйма, сәйкесінше 11 па­йыз және алдыңғы үштікті қарағандылықтар қорытындылайды. Олар 2209 дана құйма сатып алған, бұл құйма иеленушілердің 5 па­йызы.

Ел тұрғындары өлшемелі құймаларға оны сататын және сатып алатын Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, Центр Кредит Банкі арқылы, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пункттерінде қол жеткізген.

– 2024 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттері кері сатып алуды ескергенде, халыққа жалпы салмағы 2,5 тонна 71 106 құйма сатты. Бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 7,9 тонна болатын 222 680 алтын құйма сатылды. Халық арасында сұранысқа ие құйма салмағы – 10 грамм. Жалпы сатылған көлем ішінде оның үлесі 25 пайыз – 54 875 дана. Одан кейін 5 грамдық құйма – 49 145 дана, 100 грамдық құйма – 47 943 дана, 20 грамдығы – 40 843 дана және 50 грамдық құйма – 29 874 дана, – делінген хабарламада.

Айту керек, алтын аллергия тудырмайды. Сондықтан терісі тым сезімтал адамдардың өзі алтын әшекейлерді таға алады. Тағы бір қызық дерек, Олимпиаданың алтын медальдары бұрыннан алтыннан жасалмайтын болған. Қазіргі уақытта медальдарды алтынмен жалатуға небәрі 6 грамм алтын қолданылады.

«Тт» ақпарат
Фото: Ашық дереккөзден

11 ақпан 2025 ж. 127 0