Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлерде су тасқынына қарсы дайындық басталды

Өңірлерде су тасқынына қарсы дайындық басталды

Төтенше жағдайлар министрлігі өңірлерде су тасқынына қарсы дайындық шаралары басталғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Министрліктің мәліметінше, елімізде су басу қаупі бар 1 223 елді мекен анықталып отыр. Жалпы өңірлерде 1 400 су тасқынына қарсы іс-шара жүзеге асырылған. Елді мекендерді қорғау үшін 576 километр қорғаныш бөгеттері салынып, 164 километр дренаж жүйесі жөнделген. 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылып, ауыстырылған. 658 километр канал мен арық қазылған. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде үш жүзден астам километр тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 километрде тазарту жұмыстары жүргізілген.

Елді мекендердің ішінде жаңбыр мен дренаж жүйелері жөнделіп, салынып жатыр. Сонымен қатар ауылдарда қар шығару үшін қауіпсіз полигондар алдын ала анықталған.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысын тексерді. ТЖД командалық-штабтық машинасы мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен Асхат Шахаров Елек және Қарғалы өзендерінің бойындағы ықтимал қауіпті учаскелерді, сондай-ақ Сазды су қоймасын бақылады.

Алматы облысының Талғар ауданында да су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Дайындық аясында Қазтуған Жырау көшесіндегі арық желілері мен арналар, Тополевка өзенінің жағалауын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген.

Астана су реттегіші құрылысына тексеру жүргізілді. Тексеру жұмыстары барысында ТЖД және ТЖ алдын алу комитетінің қызметкерлері «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының өкілдерімен бірлесіп, тасқын суларды қабылдау және өткізу, объектіні реконструкциялауға дайындық мәселелерін зерделеген.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев биыл Байзақ ауданы мен Тараз қаласында су тасқынының алдын алу, оның ішінде Талас өзені жағалауын нығайту іс-шаралары барысымен танысты. Тексеру барысында ТЖД қызметкерлері Байзақ ауданындағы Сарыкемер, Дихан, Аймантөбе және Қостөбе ауылдары арқылы өтетін Талас өзенінің арнасын тазалау және нығайту жұмыстарын қажет ететін су басуы мүмкін 6 қауіпті учаскені анықтады.

Шымкент қаласының ТЖД жергілікті атқарушы органдар және бассейндік инспекциямен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар учаскелерді көзбен шолып тексеру мақсатында жедел кеңес өткізген. Тексеру барысында ықтимал қауіптерге жан-жақты талдау жасалған.

Фото: gov.kz

03 ақпан 2025 ж. 51 0