Аудан әкімдігінің отырысы өтті
Бірінші мәселе - кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Садуақасов хабарлама жасады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде жалпы құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын 327 жоба іске асырылған. Кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау жұмыстары тұрақты жүргізілген.
Екінші мәселе - мәдениет саласында атқарылған жұмыстар және ақылы қызметтің орындалуы туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев баяндады.
2024 жыл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Руханият» жылы болып белгіленіп, ауданда 1436 мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Салаға үлкен қолдау көрсетіліп, мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сонымен қатар, ақылы қызметтің орындалуы жөнінде ақпарат берді.
Үшінші мәселе - Аманкелді ауылдық округінде атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы ауылдық округ әкімі Зейнұр Жаманқұлов хабарлама жасады. Елді мекенде өткен жылы бірқатар жобалар іске асқан. Атап айтқанда, электр бағаналары, электр желілері және трансформаторлар, тозығы жеткен ауыз су құбырлары және ауылдық емханаға күрделі жөндеуден өткен.
Аудан басшысы ауданда кәсіпкерлікті дамытуға негізгі басымдылықты беруді атап, тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көру керек екенін жеткізді. Ал мәдениет саласында сапалы жұмыс ұйымдастырып, сала жұмысына ротация жүргізу мәселесін қозғады. Амангелді ауылын дамыту бойынша жаңа жобаларды ұсынуды атап өтті.
Әкімдік отырысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының жүзеге асырылуы, азық-түлік бағасы және «Артспорт» бағдарламасына қатысты қосымша мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.