Тапсырмалардың орындалуына асқан жауапкершілікпен қарау керек
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тұрақтандыру қорындағы картоп, басқа да азық-түлік өнімдерінің көлемі, «Арт-спорт» бағдарламасының өңірде іске асырылуы талқыланған мәжіліс өтті. Оған селекторлық режимде қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшылары қатысты.
Жиында аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуына асқан жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.
«Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармалары, «Байқоңыр» ӘКК, қала және аудан әкімдері, азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына шұғыл арада мониторинг жүргізіңіздер. Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарды қатаң бақылауға алыңыздар. Бағаны негізсіз өсіруді, алыпсатарлықты болдырмау үшін қадағалауды күшейтіңіздер.
Екінші мәселеге қатысты, прокуратура органдарының ұсынымдары бойынша бюджет қаржысын заңсыз иемденген өнім берушілерден қаражатты бюджетке өндіру жеделдетілсін. Заң бұзушылықтарға жол беріп, талаптарды орындамаған өнім берушілермен келісім-шартты біржақты бұзу керек.
Облыстық экономика және қаржы, мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бірлесіп, ауылдық жердегі клубтарды қалалық және аудандық мәдениет бөлімдеріне берудің тиімділігін зерттеп, ұсыныстар енгізсін», - деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда «Арт-спорт» бағдарламасына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына жүргізілген тексеру туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов баяндады.
Мемлекеттік тапсырысқа бөлінген бюджет қаржысының тиімді, мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін құзырлы органдар арнайы жұмысшы тобын құрып, тексеру жүргізілуде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі