Метапневмовирус жаһандық қауіп төндірмейді
Жыл басынан елімізде метапневмовирус (hMPV) ауруы туралы ақпарат тарады. Негізінен Қытайда таралған вирус енді ғана пайда болмаған деген дерек бар. Метапневмовирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландта науқастан анықталған. Дегенмен ол оған дейін де адамдарға жұққан. Мамандар метапневмовирус адамдар арасында кем дегенде 1950 жылдардың соңынан бастап таралған деген пікірде.
– Метапневмовирус – бұл тыныс алу жолдарының инфекциясын тудыратын вирустардың бірі. Ол адамға негізінен ауа-тамшы, тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Осы вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуі кезеңінде анықталды. Маусымдық вирус күз бен қыста өршиді. Мониторингке сәйкес эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға қарсы емес вирустарға 8 мыңнан аса үлгі зерттелгенін хабарлаймыз. Оның ішінде 22% – оң, оның ішінде парагрипп – 9%, МС вирусы – 23%, риновирус – 36%, бокавирус – 6%, аденовирус – 12%, коронавирус – 11%, метапневмовирус – 1,6%, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Тұсмағанбетова.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда, бүкіл әлемдегідей ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бері республикада ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың 20%-ға төмендеуі байқалады, тұмаумен сырқаттанушылық өткен эпидемиологиялық маусым кезеңімен салыстырғанда бұрынғы деңгейде қалды» дейді мамандар.
Эпидемиологтар халықты алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады. Бұл әсіресе созылмалы ауруы бар халықтың ең осал топтарына қатысты. Үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу сұралады. Егер аурудың белгілері пайда болса, уақытылы медициналық көмекке жүгінген абзал.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ