Молшылық мерекесіндегі диқандар қуанышы

Апта ағымында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысумен «Қызылдихан», «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалықтарының «Алтын күз – 2024» мерекесі өтті. Дала еңбеккерлерінің дәстүрлі мерекесіне облыстық мәслихат депутаты, инвестор Бағдәулет Махашев, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев, дала еңбеккерлері қатысты.
Аудан басшысы жиналған қауымды молшылық маусымының берекелі мерекесімен және келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, аудандағы жетістіктерге тоқталды.
– Жыл сайын сырдариялық диқандар күріштен мол өнім жинап, рекордтық көрсеткішті бағындырып келеді. Міне, биыл да ел қамбасын алтын дәнге толтырған аудан диқандары сенім үдесінен шығып, егінді ысырапсыз жинап алды. Биыл жыл басында өңірде су тапшылығына байланысты егін көлемін 50 пайызға дейін қысқарту жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінен ұсыныс келген болатын. Алайда, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Президентке, Үкіметке облыстың күріш егумен ғана айналысатынын жеткізіп, мемлекетаралық жұмыстардың жүруіне ықпал етті. Соның нәтижесінде, биылғы егін науқанында су тапшылығы орын алмай, егін көлемі қысқарған жоқ. Егінге қажетті су жеткізіліп, диқандардың мол өнім алуына барлық жағдай жасалды. Биыл ауданда 34 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21 мың гектар жерге егіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Аудан бойынша барлығы 131 мың тонна астық қамбаға құйылды. Осы жұмыстарға «Қызылдихан», «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалықтарының еңбеккерлері үлкен үлес қосты. Биыл шаруашылықтар 1800 гектар жерге Сыр дақылын егіп, 11 мың тонна астық жиналды. Бұл – сіздердің күндіз-түні атқарған еңбектеріңіздің нәтижесі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты, инвестор Бағдәулет Махашев, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, еңбеккерлерге ризашылығын жеткізді.
Диқан – қашанда ырыс пен дәулеттің, сана мен сәулеттің көш басында тұрады. Дархан да жомарт маусымның молшылық мерекесінде озаттар марапатталды.
Биылғы жылғы салтанатты іс-шарада «Қызылдихан» шаруа қожалығы атынан 4 бірдей қызметкері Нұржан Есенбаев, Абзал Кенехан, Кенжегүл Шаденова және Әбдіразақ Ахметовтың отбасы жаңа баспана кілтіне ие болды. Сондай-ақ қуанышты сәт еңбек адамдарына 4 автокөлік кілтін табыс етілуімен ерекше болды. Мұнан басқа диқаншыларға бағалы сыйлық табыс етілді. Еңбекшілер мерекесінде «Қызылдихан» шаруа қожалығының механизаторы Абдулла Жаманқызы 60 жас мерейтойына құттықтау хатымен марапатталды.
«Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» дегендей, мерекелік жиын соңында ауыл ақсақалы Болат Дүйсенбаев көпшілікке бата берді. Мерекелік кеш «Ақ тілек» мейрамханасында жалғасты.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ